Астанада үстел теннисінен республикалық турнир өтеді


Астанадағы ADD Table Tennis Center Astana орталығында үстел теннисінен Hopes Week & Challenge республикалық іріктеу турнирі өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) Hopes бағдарламасы – дарынды спортшыларды анықтауға бағытталған ауқымды жоба. Бұл бағдарлама көптеген қазіргі әлемдік деңгейдегі спортшы үшін өз шеберлігін дәлелдеп, мансабын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
2019 жылы қазақстандық Алан Құрманғалиев әлемдік Hopes Week-тің үздік ойыншысы атанған болатын.
Биыл ADD Table Tennis Center Astana орталығында елдің әр өңірінен келген 60 жас теннисші (30 ұл, 30 қыз) ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Ердәулет Оразбаевтың жетекшілігімен оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Ал 1-2 наурыз күндері өтетін турнирде Азиядағы Hopes Week & Challenge жарысына 2 жолдама (1 ұл, 1 қыз) сарапқа салынады.



