Астанада үш күндік халықаралық ат спорты жарыстары өз мәресіне жетті

2 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада үш күндік халықаралық ат спорты жарыстары өз мәресіне жетті
Фото: ҚР Ат спорты федерациясының баспасөз қызметі

Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкур бойынша Еуразия Лигасының Әлем Кубогы кезеңі (FEI CSI 1*-W) және Атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир (FEI CDI 1*) аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Ат спорты федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 60-қа жуық спортшы өз шеберліктерін көрсетіп, бақ сынады. Жарыстарға Әлем Кубогы кезеңі мен халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен дебютанттар – Евразиялық лиганың ең мықты шабандоздары қатысты.

Жарыстың маңызын арттыра түсетін жайт – конкур бойынша Еуразия Лигасының Әлем Кубогы кезеңі Астанада 10 жылдан кейін алғаш рет өткізіліп отыр. Сонымен қатар елорда тарихында тұңғыш рет атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир ұйымдастырылды. Бұл Қазақстанда осы спорт түрінің дамуына тың серпін беретін маңызды қадам болды.

Maxima Masters Eurasia шағын командалық кубогы – конкур 130 см (2 айналым):
1 орын – Қазақстан құрамасы
2 орын – Өзбекстан құрамасы
3 орын – Қырғызстан құрамасы

Гран-при – Еуразия Лигасы Әлем Кубогының кезеңі, конкур 160 см:
1 орын – Камиль Сабитов (Қырғызстан)
2 орын – Ринат Галимов (Қырғызстан)
3 орын – Хуршидбек Алимджанов (Өзбекстан)

Турнирдің жабылу салтанатында ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық жарыстардың еліміз үшін маңыздылығына тоқталып, оны жан-жақты насихаттап жүрген барлық спортшылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Спорттық шараға төрелік еткен халықаралық деңгейдегі төрешілер турнирдің халықаралық ережеге сай, жоғары деңгейде өткенін айтты. Үш күндік сайыс қорытындысы бойынша спортшылардан өзбекстандық Хуршутбек Алимджанов, Бекзот Курбанов, Алина Шевцова, Алена Деревянконың, қырғызстандық Камиль Сабитов, Ринат Галимов, Екатерина Каркавцеваның, Ресей спортшысы Ксения Хайрулинаның, армениялық Виген Констандянның, грузиялық Георгий Тохнадзенің, Қазақстан құрамасының спортшылары Олег Соколенко, Нурила Тұрысбекова, Бекжан Байжанұлы, Дайана Онаева, Раиса Соколенконың жетістіктерін ерекше атап өткен жөн.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 24 000 USD құрады. Ауқымды деңгейдегі спорттық шара қазақстандық спортшыларға өз шеберліктерін арттырып қана қоймай, шетелдің мықты шабандоздарымен бәсекеге түсіп,  халықаралық турнирлерге біліктілік жолдамаларын алу мүмкіндігін берді.