Астанада Олимпиада ойындарына арналған штаб ашылды
Астанада Олимпиада ойындарына арналған штаб ашылды, деп хабарлады Elorda.info.
2023 жылғы 13 желтоқсанда спорт сарапшыларының қатысуымен жасөспірімдер Олимпиадасы мен Жазғы Олимпиада және Паралимпиадаға Ұлттық құрама командаларының жұмысын ұйымдастыруға арналған штаб құру туралы министрліктің бұйрығы қабылданған болатын.
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, аталған штаб Мемлекет басшысының Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерациялары бірлесе жұмыс істеу керек деген тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Штабтың негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету. Штаб барлық кешенді жарыстар аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейтін болады.
Штабтың құрамына 6 адам кірді:
1. Қанағатов Е.Б. - ҚР ҰОК спорт департаментінің директоры;
2. Сәпиев С.Ж. – ҚР ҰОК Бас хатшысының орынбасары;
3. Ахметшәріп Д.С. – қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөнінде министр кеңесшісі;
4. Нұрсафина А.Т. – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК көркем гимнастикадан команда басшысы;
5. Алдонғаров Н.Ж. – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК спорттық өрмелеуден команда басшысы;
6. Қиятбай Б.Б. – «Ұлттық конькишілер федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің спорттық директоры.
Іс-шараға Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері және биылғы әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері, спорт журналистері қатысты.
Жиында сөз алған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2023 жыл ел спорты үшін сәтті жыл болғанын, жерлестеріміз халықаралық ареналарда жарқын жеңістерге қол жеткізгеніне ерекше тоқталып, келер жылы өтетін байрақты бәсекелерге дайындық барысын баяндады. Мәселен, биыл елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ауқымды дайындық өткен жылы басталды. Мемлекет басышысы бірер күн бұрын Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз», деп атап өткен еді.
«Бүгін біз Мемлекет басшысының Канвон-2024 қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына, Париждегі жазғы Олимпиада және Паралимпиадаға дайындық жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында құрылған штабтың бірінші отырысына жиналдық. Ұлттық құраманың сапалы дайындығы үшін спортшылар пулы, яғни лицензия мен медаль жеңіп алуы мүмкін үміткерлер жасақталды. Құраманың кейбір көшбасшылары Олимпиадаға жеке жоспар бойынша дайындалады. Яғни, әр спорт түрінің ерекшелігін, спортшының қажеттілігін, физиотерапияны, оңалту мен жарақаттардың алдын алуды, психологиялық қолдауды және спортшыларды жарысқа дайындалуда стрессті басқаруға көмектесуді қоса алғанда, медициналық-биологиялық қамтамасыз етуді ескере отырып жасалады. Айта кету керек, спортшыларды даярлау күнтізбесін қалыптастыру тәсілдері мен қағидаттары толығымен қайта қаралды», - деді Ермек Маржықпаев.