00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

76 жастағы желаяқ Марат Балтабаев: Әлі мақсатыма жетпедім

23 маусым, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
76 жастағы желаяқ Марат Балтабаев: Әлі мақсатыма жетпедім
коллаж Elorda.info

Жақында өткен Astana Half Marathon жарысының ең егде қатысушысы, 76 жастағы Марат Балтабаев 60 жастан жоғары санатта күміс жүлдеге қол жеткізді. Жүгірумен 50-ден асқан шағында айналыса бастаған спортшымен Elorda.info тілшісі сұхбаттасты.

 

—Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз? 

—Мен 1947 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Астраханка ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Әкеміз жастау кезінде жол апатынан қаза тапты. 9 баланың үлкені болғандықтан 16 жасымда еңбекке араластым. Бәлкім оқушы кезден ауылдағы бітпейтін шаруалармен айналысуым мені шыңдап, шынықтырған шығар. Мектеп бітірген соң Орынбордағы әскери училищеге түстім. 1994 жылға дейін әскердің аэроұтқыр қорғаныс саласында қызмет еттім. Тәртіпке сәйкес зейнетке шыққанша шетелге шыға алмадым. Жүгірумен  тек зейнетке шыққан соң ғана айналысуға мүмкіндік туды. 

 

—Жүгіруге қалай келдіңіз? 

—Мен тек жүгірумен айналыспаймын. Спорттың қай түрі болса да шұғылдана беремін. Тіпті керлинг, бадминтон спорттарын да жақсы көремін. Былайша айтқанда, дінім — спорт, жүгіру — бұзылмас намазым десем болады. Бастысы адам ерінбеуі керек. Жалқаулық барлығын құртады. Ең қиын жеңіс — ол өзіңді жеңу. Осы уақытқа дейін тұрақты жүгіргенімнің арқасында 160 мың шақырым қашықтықты еңсердім деп айта аламын. Әрине, кейде түрлі жарақаттар алған сәтте жаттықпай, үйге қайтқым келеді. Бірақ жоспарлаған жаттығуды іске асырсаң, рахаттанып, жаның жай табады. 

—Әр күніңізді жоспарлайсыз ба? 

—Әскери саланың маманы болғандықтан ерте тұру әдетке айналып кеткен. Таңғы 6-7-де тұрып, аш қарынға жаттығамын. Осының нәтижесінде 21 шақырымды су ішпей жүгіруді үйрендім. Ал шөл далаларда бір тамшы ішпейтін атақты Марат Жыланбаевтың «түйе» деген лақап аты бары баршаңызға мәлім. Бірақ су ішпей жүгіруді үйрену ұзақ уақыт жаттығуды талап етеді. 

Осы жасқа дейін шаршамай, оңай жүгіресіз. Арнайы диета ұстанасыз ба? 

Жоқ. Қалыпты адам секілді еш нәрседен бас тартпаймын. Палау, ет, манты  барлығын жей беремін. Тәттіні жақсы көремін. Қанттың зиян екенін білемін. Бірақ одан бас тарта алмаймын. Бұл  үлкен жастағы адамдар үшін дұрыс емес деп ойлауыңыз мүмкін. Мысалы, Алматыдағы Президент саябағында 1 айналым жүгіру 4 шақырымды құрайды. Мен 10 айналым жүгіргенде бірден 3-4 келіні тастаймын. Нәтижесінде ағзам өздігінен тазарады. Медициналық тексерістен өткен сәтте биологиялық жасым 35-40-тағы ер азаматтан кем емес деді. 

—Алғашқы халықаралық жарысыңыз қашан басталды? 

—Зейнетке шыққан соң 2002 жылы Қытайдағы жеңіл атлетикадан ардагерлер арасындағы Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдым. Турнир Қытайдың астанасында емес, ең шеткі жағындағы 7 млн. тұрғыны бар Далянь деген қалада өтті. Қатты таңғалдым. Маған 5 және 21 шақырымда 2 алтын және 10 шақырымда  күміс жүлде бұйырды. Мен үшін ең қымбат медаль десем болады. Артынша Таиланд, Тайвань, Үндістан, Оңтүстік Корея, Жапония, Малайзия, Аустралия, Бразилия, Германия т.б жалғаса береді. Жалпы 10 шақты мемлекетте болдым.

—Жарыстағы ең қуанышты және өкінішті сәтіңізді айта аласыз ба?

—2013 жылы ардагерлер арасындағы әлем чемпионаты Бразилияда өтті. Өте жақсы дайындалдым. Алайда өзге құрлықта сәтті өнер көрсету үшін алғашқы күні сайысқа қатысу керек немесе 1 аптадай бейімделген дұрыс. Мен 3 күннен соң жарысты бастап, тек 1 ғана қола жүлдеге қол жеткіздім. Әлем чемпионы бола алмағаныма қатты өкінгенім бар. 

Қуанышты жайтқа келетін болсақ, 2017 жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында көптен күткен күткен мақсатым орындалып, 8 шақырымда топ жардым.

—Халықаралық жарыстарға қатысып жүрсіз. Қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?

—Шетелдік жарыстарда менің басты бәсекелестерім – Азия мемлекеттерінің желаяқтары (Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Шри-Ланка). Үнемі осы елдің спортшыларымен чемпиондыққа таласамын. Олимпиада, әлем чемпионаттарында ешкімге дес бермейтін Кения, Эфиопия сынды елдердің ардагер спортшыларын байқамаппын.

Кенияда орташа өмір сүру жасы – 63, Эфиопияда орташа өмір сүру жасы – 62. Шығыс елдерінің тұрғындары 80 жастан артық өмір сүреді.

Аустралияда өткен турнирде жолды сабынмен жуғанын көріп, таңданысымды жасыра алмадым.

—Көптің қалтасы көтере бермейтін алыс елдерде жүгірдіңіз. Қаржы мәселесін қалай шешесіз?

—Әскерден зейнетке шыққан соң, банкте күзет басшысы болдым. Банк демеуші ретінде 4-5 елге шығуыма мүмкіндік берді. Барлығы тапқан демеушіге байланысты. Енді сәті келсе, АҚШ, Канада, Африка елдерінде жүгіргім келеді.

—1995 жылдан бері Антарктидада өткізіліп келе жатқан марафонға қатысуды армандайсыз ба?

—Антарктидадағы марафонды естігенім бар. Бірақ қызығып, зерттемедім. Иә, 30 градус аязда 42 шақырым жүгіру оңай емес. Дегенмен, мен Солтүстік Қазақстанның тумасы болғандықтан аязда да жүгіріп үйренгенмін.

Жүгіруден жалығып, осымен тоқтаймын дейтін сәттер болды ма? 

Жоқ, әрине. Тұрақты жүгіргеннің арқасында кез келген қалыпта жүгіруді үйрендім. Су ішпей жүгіремін, тыңқиып тойып алып та жүгіре беремін. 2003 жылы Санкт-Петербургтің 300 жылдығы мен Ресейдегі Қазақстан жылына орай Алматыдан Санкт-Петербургке дейін 4500 шақырымды 10 Қазақстан азаматы, 10 Ресей азаматы жүгіруге бел байладық. Дәстүр бойынша Ресей желаяқтарын қазақи дархандықпен қарсы алдық. Ал таңертең амал жоқ, тоқ қарынмен жүгіруге тура келді. 10-15 шақырым қиналасың. Артынша тамақ қорытылып, жеңілдейсің. Нәтижесінде 28 күнде Санкт-Петербургке жеттік. 

—Елімізде сіз секілді егде жастағы марафоншылар көп пе? Олардың көпшілігі әскери, спорт саласында істеген азаматтар ма?

—Астанада өткен жартылай марафонда 60-69 жас санатында 30-дан астам спортшы қатысты. Ал 70 жастан жоғары санатта 3 спортшы ғана жүгірдік. Жалпы республика көлемінде 70 жастан жоғары санаттағы желаяқтардың саны 10-ға жетпейді.

Жеңімпаз атанған 73 жастағы Талдықорғанның тумасы Биебай Тілемесов әскери, спорт саласында жұмыс істемеген. Қызығушылығының арқасында 50 жылдан астам уақыт жүгіріп келеді. Сондықтан егде жастағылардың барлығы кәсіби спортшы деп айта алмас едім.

—Алдағы жоспарыңыз қандай?

—Алдағы 2 шілде күні Астана қаласында өтетін Триатлон сайысына (1,9 шақырым жүзу, 90 шақырым велосипед айдау, 21 шақырым жүгіру) қатысуды жоспарлап отырмын. Негізі былтыр осы белесті бағындыруым керек еді. Алайда жарыс басталмас бұрын бір жігіттің гидрокостюммен жүзген ыңғайлырақ деген кеңесін тыңдап, алғаш рет киіммен жүздім. Бірақ гидрокостюм қолымның созылуына кедергі жасап, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болдым. Биыл ешқандай тосын сыйсыз өзімнің үйренгенімдей жүзіп өтемін. Одан бөлек, қыркүйек айында Шымкент марафонында 81-марафонымды жүгірсем деген ниетім бар.

Сәттілік!

Қанат Байұзақов