00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Сенім білдіргеніңізге рақмет»: Министр Халықаралық дзюдо федерациясының бас директорымен кездесті

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Сенім білдіргеніңізге рақмет»: Министр Халықаралық дзюдо федерациясының бас директорымен кездесті

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) бас директоры және халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) президенті Влад Маринескумен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.

Тараптар Қазақстанда екі ауқымды іс-шараны: дзюдодан «Үлкен дулыға» турнирлерін және киберспорттан әлем чемпионатын өткізуді талқылады.

Министр мұндай іс-шаралардың жастарды спортқа тартудағы маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Қазақстанның киберспорттан келесі әлем чемпионатын қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Сенім білдіргеніңіз үшін рақмет. Қазақстанда дзюдодан тұңғыш Grand Slam жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Біздің басты басымдығымыз — бұқаралық спорт және салауатты өмір салтын насихаттау. Бұқаралық спортты насихаттау – ел Президенті Қ. Тоқаевтың алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі. Чемпиондар жастар спортпен белсенді айналысатын жерде пайда болады. Бұл балалардың дені сау және табысты азамат болып өсуіне көмектеседі. Әрине, отандастарымыздың жеңісі әркез бізді қуантады. Мысалы, өткен жылы Қазақстан командасы PUBG бойынша әлем чемпионы атанды. Елімізде киберспорттан келесі әлем чемпионатын өткізу қосымша ынталандыру болатыны сөзсіз, - деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде Влад Маринеску киберспорттан келесі әлем чемпионатының Қазақстанда өтуін қолдайтынын жеткізді.

Сізде жастармен жұмыс істеу тәжірибесі мол екенін білемін. Болашақта жаңа чемпиондарды дайындап, дені сау және мықты жас ұрпақты тәрбиелеуде жетістікке жетесіздер деп үміттенемін. Қазақстандық жастардың дзюдода да, киберспортта да әлеуеті өте зор. Өткен жылғы PUBG әлем чемпионатындағы жетістік мұның айқын дәлелі. Мен сіздерді осы маңызды жеңіспен құттықтап, келесі әлемдік біріншіліктің Қазақстанда өтуі үшін бізге байланысты барлық мәселенің оң шешім табатынын айтқым келеді, — деді IJF және IESF басшысы.

Сондай-ақ, шетелдік қонақ Асхат Ораловты Катар астанасы Дохада мамыр айында өтетін дзюдодан әлем чемпионатына шақырды.