Азия чемпионаты: Бүгін қазақстандық 6 боксшы бақ сынайды
Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін қазақстандық алты боксшы бақ сынайды, деп хабарлады Elorda.info.
Жарыстың бесінші күні рингке қазақстандық боксшы қыздар шығады.
Жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жазира Орақбаева 52 келіге дейінгі салмақта оңтүстіккореялық Ким Чае Вонмен жұдырықтасады.
Азия ойындарының күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері Жайна Шекербекованың (54 кг) қарсыласы – жапониялық Хана Нарита.
Әлем чемпионатының қола жүлдегері Карина Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақта тағы бір оңтүстіккореялық Им Ае Джиден өтуге тырысып көреді.
Қазақстан чемпионы Аида Әбікеева 63 келіге дейінгі салмақта жапониялық Маи Китомен қолғап түйістіреді.
Азия чемпионы, Рио олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова 70 келіге дейінгі салмақта үндістандық Пооджамен шығады.
Әлем және Азия чемпионы Валентина Хальзованың да (75 кг) қарсыласы – үндістандық Ловлина Боргохаин.
Күндізгі сессия Астана уақытымен сағат 16.00-де, кешкі сессия 21.00-де басталады.
Осы чемпионатта қазақстандық үш боксшы Мәдина Нұршаева (66 кг), Гүлсая Ержан (81 кг) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) доданы жартылай финалдан бастайды. Олардың қоржынында кемінде қола жүлде бар.