Астанада таэквон-до GTF бойынша «Қазақстан кубогы» сарапқа салынып жатыр (ФОТО)
«Аспан» спорт кешенінде басталған жарысқа еліміздің барлық аймақтарынан 400-ден аса жасөспірім мен жастар жиналды. Бұл жарыста 12-14 жас аралығындағы, сонымен қатар 15-17 жас аралығындағы спортшылар сынға түсуде, деп хабарлады Elorda.info.
Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Давлетханұлы, «Sport Qory» бас директоры Асхат Сейсембек және Қазақстан жекпе-жек өнері қауымдастығы федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Бұл жарыс елордамызда он жылдан бері өтіп келеді. Таэквондо спорты елімізде өте қарқынды дамып келе жатқан спорттың бірінен саналады. Әсіресе, балалардың қызығушылығы басымырақ көрінеді. Өйткені, таэквондо әдемі әрі әсерлі жекпе-жектің түрі деп ойлаймын. Осы жарысты ұйымдастырушы Қазақстан таэквондо федерациясы басшыларына, қолдау білдірген Астана қаласы әкімдігіне, демеушілерге алғысымызды білдіреміз. Ал, жарыста дайындығы жақсы күштілер жеңіске жетсін деп тілеймін, – деді Астана қалалық таэквон-до GTF федерациясының директоры Святослав Жевидь.
Турнирде топ жарған спортшылардың есімі бүгін және ертең белгілі болады.
«Астана кубогының» жеңімпаздары Қазақстан құрамасы сапына қабылданып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ