00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттің қаржыландыруынан бас тартты

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттің қаржыландыруынан бас тартты

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Франциямен өткен сәтсіз ойын үшін (8:0) кешірім сұрады.

«Ең әуелі қазақстандық жанкүйерлерден Франциямен ойында сәтсіздікке ұшырағанымыз үшін кешірім сұрағым келеді. Әр жеңілісті біз жан дүниемізден өткереміз. Негізгі құрамдағы біраз футболшының болмауына байланысты, Парижде оңтайлы құраммен ойнай алмадық. Қазіргі таңда ұлттық командамыздың резервтік құрамы жоқ деуге болады. Команда жетекшілерін алмастырған ойыншылар әлі халықаралық деңгейде ойнауға дайын емес», – дейді федерацияның бас хатшысы.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан футболына 100 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Жұртшылықтың сынына келетін болсақ, ашығын айтайын: былтыр және оның алдындағы жылы Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік бюджеттен 200 миллион теңгеден алып отырды. Ол ақша ұлттық команданың түрлі жастағы құрамаларына (U17, U19, U21 санаты бойынша), Blind-Football (зағип жандарға арналған футбол), әйелдер, ұлттық, жағажай, сондай-ақ футзал құрамасын халықаралық жарыстарға жұмсалды. Қайдағы миллиардтар туралы айтылып жатыр?» – дейді федерация өкілі.

Сондай-ақ ол келер жылдан бастап Қазақстан Футбол федерациясы мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың қаржысынан бас тарту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

«Ұйым УЕФА-дан түсетін және демеушілердің ақшасынан қаржыландырылады. Сондықтан, ұлттық құраманың сәтсіздіктерін өз жарнамасы үшін пайдаланғысы келетіндерге айтарым бар. Сіздер ең болмағанда, тіл беземей тұрып, проблеманы терең түсініп алыңыздар, материалдық бөлікті зерттеңіздер. Елімізде футбол бар, болған және бола береді. Бізде футболмен тыныстайтын миллиондаған адам бар. Әрине, ұлттық футболдың деңгейін жаңа деңгейге көтеру үшін уақыт пен жанашыр, жанкүйерлердің қолдауы керек», – дейді Азамат Айтхожин.