00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Серікзат Дүйсенғазин: Алланың құдіреті, елдің ақ тілеуі шығар

Серікзат Дүйсенғазин: Алланың құдіреті, елдің ақ тілеуі шығар
Фото: ашық дереккөз

Жыл басында қапыда ұлынан айрылған белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин тағы да ұлды болды, деп хабарлады Elorda.info

Ақынның отбасына үлкен қуаныш әкелген перзент бүгін сағат 12.00-ге қарай дүние дидарын ашты. «Ақ түйенің қарны жарылған» күні тілшіміз Серікзат Дүйсенғазинмен байланысқа шықты. 

Бәріңізге белгілі, бұл жыл отбасымыз үшін қайғылы басталды. 16 жастағы ұлым Әлихан оқыс оқиға салдарынан қайтыс болды. 3 ай бұрын бұл қайғыға шыдай алмай анамыз дүние салды. Шыны керек, жасым 50-ге таяғанда перзентті боламын деп күтпеген едім. Алланың құдіреті, елдің ақ тілеуі шығар, тағы ұлды болып отырмын», - деген ақын бүгін өзін құттықтап, «бауы берік болсын» деп ақжарма тілек айтушылардың қоңырауынан ұялы телефоны босамай жатқанын айтты.   

Оның айтуынша, құттықтаушылардың ішінде Ақордадағы биліктегі азаматтардан бастап Сенаттағы, Мәжілістегі, Үкіметтегі азаматтар, қаламгерлер мен ғалымдар, өнер адамдары мен ақпарат саласының белді қызметкерлері, қарапайым халық өкілдері мен ағайын-туысы бар.

Серікзат Дүйсенғазин ұлының атын кім деп қоятынын әзірге ойластырмаған екен. Бірақ бұған дейін балаларының есімдерін ырымдап қазақтың біртуар азаматтары, белгілі тұлғалар қойып келген екен.

Өмірден өткен ұлым Әлиханның атын ұстазым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты , Ұлттық ғылым академиясының академигі, атақты ғалым Рымғали Нұрғали қойған. Ағамыз Алаштың көсемі, Алаштың қайраткері Әлихан сияқты болсын деп ниеттеніп осы есімді таңдаған. Бұл жолы да солай болатын шығар, - деді ол.

Сондай-ақ, ол жұбайы мен сәбиі перзентханада екенін, қашан шығатыны белгісіз екенін айтты. Ал шілдехана тойын жасайтын-жасамайтындарын сексеннің сеңгіріндегі әкесімен ақылдасып шешетінін жеткізді. 

Айта кетейік, Серікзат Дүйсенғазиннің отбасында екі қызы бар. Үлкен қызы Аружан 19 жаста. Еуразия ұлттық университетінде дизайн мамандығы бойынша 3-курста оқып жатыр. Өзінің мамандығы бойынша жеке кәсібін дөңгелентіп жүрген талантты жас. Кіші қызы Айарудың жасы 8-де. Ол «Academia Real» атты қазақ-испан мектебінде 3-сыныпта оқып жатыр.