«Eш нәрседен хабарым жоқ»: Майғазиев қалыңмалға не себепті 5 млн теңге бергенін түсіндірді


«МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойында келінінің қалыңмалы үшін не себепті 5 млн теңге бергенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол журналист Анна Данченкоға берген сұхбатында жұбайының айтқанын орындағанын, басқа еш нәрседен хабары жоқ екенін айтты.
«Балам мен анасы Ақтауға бір-екі күн бұрын ұшып кеткен. Сол кезде конвертке салып, 5 млн теңге ала келіңіз деді. Басқа ешнәрседен хабарым жоқ. Өз басым қалыпты жағдай шығар деп қабылдадым. Ана сүті, өлі-тірісі деп жатады, конверттерінің сыртында сондай жазуы болады екен. Бұрын-соңды ондай жағдайға аса араласпағаннан кейін хабардар емес екенмін. Меніңше, біреуден асырып берген, аз берген, бақталастықпен жасаған ешнәрсеміз жоқ.
Меніңше, егер 5 млн теңгені қымбатсынып жатқан болса, одан аз берсем, жарымай не болды деп айтар еді. Одан көп берсем, әрине, олар солай жасайды деп тағы айтады. Ондай әңгіменің болары хақ. Айтатын адам да табылады. Оған қуана білу керек.
Осы сәтте айтарым, бізге де 5 млн теңге қалыңмал келсін деп тілеймін. Одан артық ешнәрсе айтпаймын», - деді Сәкен Майғазиев.
Айта кетейік, бұған дейін Сәкен Майғазиев ұлының тойын онлайн көрсету үшін жұрттан 1380 теңгеден алғанын жазған едік.



