Тоқаев: Словения – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктесі


Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Наташа Пирц-Мусарға ризашылығын білдірді. Президенттің айтуынша, Словения – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктесі әрі екі елдің қарым-қатынасы достық және өзара сыйластық рухында нығайып келеді. Оның айқын дәлелі – былтыр Любляна қаласында Қазақстан Елшілігінің ашылуы.
– Мен мұны ықпалдастығымызды дамыту жолындағы маңызды қадам деп санаймын. Қазақстан екі ел арасындағы достықты одан әрі тереңдетуге мүдделі. Сондықтан бұл сапардың мән-маңызы айрықша. Біз бүгін құрметті Президент Пирц-Мусар ханыммен мазмұнды әрі жемісті келіссөз жүргіздік. Қазақ-словен ынтымақтастығының аясын кеңейту жолын талқыладық. Нақты уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Сондай-ақ бүгін бірқатар үкіметаралық және мекемеаралық келісім жасалды. Соның ішінде денсаулық сақтау, туризм, білім беру салаларына қатысты маңызды құжаттар бар. Бұл келісімдерді тиімді іске асыру арқылы екі елдің ынтымақтастығын жандандыра түсеміз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттер екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға келісті. Қазір қос мемлекет фармацевтика, жаңартылатын энергия, инженерия, телекоммуникация бағыттарында маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мемлекет басшысы елімізде осы салаларда 20-ға жуық словен компаниясы табысты жұмыс істеп жатқанына тоқталып, экономикалық байланыстардың ауқымын одан әрі кеңейтудің маңызын атап өтті.
– Тау-кен, жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру және инновация, денсаулық сақтау, туризм салаларында тың жобаларды жүзеге асыруға келістік. Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, оның қызметін жаңа деңгейге көтеруге шақырдым. Екі ел бизнес өкілдерінің байланысын тереңдету – маңызды міндеттің бірі. Осыған орай, «Қазақстан – Словения» іскерлік кеңесін құру мәселесін талқыладық. Елімізге Словенияның ірі кәсіпкерлері де келді. Ертең олардың қатысуымен бизнес-форум өтеді. Бұл іс-шара осы бағыттағы жұмысты күшейтуге ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Бүгінгі кездесуде екі ел басшылары көлік-логистика саласындағы байланыс аясын кеңейту мәселесін талқылады. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру жөнінде ортақ пікірге келді. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін президенттер құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су ресурстарын басқару ісінде словен тарапының озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық жайында да пікір алмасты.
– Білім, ғылым және мәдениет салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға мол мүмкіндік бар. Жалпы Словенияның білім беру жүйесі дүние жүзінде озық жүйе ретінде мойындалған. Сондықтан біз екі ел университеттері арасында байланыс орнатуға мүдделіміз. Словенияның Йожеф Стефан институты Назарбаев университетімен байланыс орнатуға қызығушылық танытып отыр. Қазақстан Словенияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Тараптар халықаралық және аймақтық өзекті мәселелерді талқылап, ұстанымдарының ортақ екенін жеткізді.
– Қазіргі геосаяси жағдай өте күрделі. Президент Пирц-Мусар екеуіміз әлемдегі қақтығыстарды Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына сай бейбіт жолмен шешу қажет екенін құптадық. Көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастықты одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы бастаманы қолдаған Словения тарапына ризашылығымды білдіремін. Жалпы бүгінгі келіссөздер жемісті болды деп күмәнсіз айтуға болады. Осы сапардың нәтижесінде қазақ-словен ықпалдастығы нығайып, жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Наташа Пирц-Мусар Словения тарапының барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.
– Бүгінгі кездесулер, жалпы бұл сапар Словения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашады деп ойлаймын. Екі ел де өзара түсіністік пен құрметке негізделген халықаралық құқық, орнықты даму мен серіктестік қағидаттарын қолдайды. Мен бұған ризамын. Келешекте де осы бағытта жұмыс істей беретінімізге сенімдімін, – деді Словения Президенті.



