Тоқаев Астана халықаралық форумына қатысушыларға ризашылығын білдірді

29 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев Астана халықаралық форумына қатысушыларға ризашылығын білдірді
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында форумға қатысушыларға ризашылығын білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Баршаңызбен Астана халықаралық форумында жүздескеніме қуаныштымын!

Бүгінгі басқосуға шетел үкіметтерінің басшылары, дипломатия, бизнес және академиялық ортадағы достарымыз бен әріптестеріміз қатысып отыр.

Мәртебелі меймандарымызға, атап айтқанда, Руанда Президенті Поль Кагамеге және Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковаға, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсеге, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунға, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілеріне, форумның өзге де қатысушыларына шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы форум аясында нәтижелі пікір алмасатындығына үміттенетінін жеткізді.

«Форум аясында жаһандық экономика, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелер жөнінде нәтижелі пікір алмасамыз деп үміттенеміз.

Бүгінгі жиын әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отыр. Мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттасақ та болады. Алайда бұл тұжырымды тарихшылардың еншісіне қалдырған жөн. Қазір осы жағдайға қалай жауап беретініміз маңызды. Алдымызда таңдау тұр: қандай шешім қабылдаймыз, қандай құндылықтарды қорғаймыз?!» - деді Тоқаев.