00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Президент Үкімет әкімдіктерге барынша көмектесуі керек деп атап айтты – сарапшы

20 сәуір, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Президент Үкімет әкімдіктерге барынша көмектесуі керек деп атап айтты – сарапшы
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтті. Премьер-министрден бастап, Парламент палаталарының спикерлері, Президентке тікелей есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, Сенат пен Мәжілістегі парламенттік фракциялар мен комитеттердің жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағаларына дейін қатысқан жиында біраз өзекті мәселе айтылды. Олардың ішіндегі ең түйіткілді мәселелердің түйінін тарқату мақсатында Skifnews.kz ақпарат порталы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтен пікір алған, деп хабарлады Elorda.info

Саясаттанушының сөзінше, айтылған сегіз басымдықтың үшеуі қазіргі таңда ең өзекті.

Бүгін Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Бұл отырыстың маңыздылығы жаңадан құрылған Үкімет және аймақтағы әкімдердің, атқарушы биліктің жалпы еліміздің қоғамдық экономикалық дамуының басты міндеттері мен мақсаттарын орындауға арналып отыр. Негізінен сегіз басымдық айтылды. Бірақ мен үшін алғашқы үшеуі маңызды болып отыр. Қоғамдық экономикалық даму – халықтың әл-әуқаты мен халықтың өмір сүру деңгейін көтеру. Бұл жердегі басымдық азық-түлік бағасын тұрақтандыру, ірі және орта бизнесті дамыту және макоэкономикалық көрсеткіштерді жақсартуға берілді. Мәселен, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің бүгінгі басты проблемасы – ауыл шаруашылығына бөлінетін субсиядиялар. Президент айтып өткендей, субсидия бөлінгенімен олардың 10%-ы ғана нақты қажетті жерге жетіп отыр. Оның өзінде тиісті қадағалау болмағаннан нақты өндірістің дамуына ешқандай тиімділік әкелмейді. Сондықтан субсидия бөлгенде бюрократиялық тежеуіштерді алып тастау және оларды қадағалау маңызды, - деді ол. 

Бұдан бөлек, екінші мәселе ретінде Қазбек Майгельдинов отандық өнімнің өндірісі неліктен дұрыс жолға қойылу керек екенін түсіндіріп өтті.

Екінші бұл әкімдіктерге байланысты. Инвестиция тарту өте маңызды мәселе. Өйткені, әкімдер инвестицияны ең алдымен жаңа жұмыс орнын ашу мен жаңа өндіріс ошақтарын құруға бағыттау керек. Өйткені мұнай-газ саласынан экономикамызды диверсификациялау арқылы өндіруші мемлекетке айналу үшін ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру керек. Ол туралы соңғы жылдары жиі айтылса да, нақты әрекет жасалып жатқан жоқ. Сондықтан осы тұрғыда Үкімет әкімдіктерге барынша көмектесу керек деп атап айтылды. Ең маңыздысы жергілікті өзін-өзі басқарудың белсенділігін көрсету. Қазіргі азық-түлік бағасының өсуі делдалдардың, алыпсатарлардың көп болуынан туындауда. Осы мәселені қадағалау маңызды. Одан кейін қаншама өнім жиналса да оларды сақтайтын қоймалардың тозғандығын Мемлекет басшысы баса айтты, - деді спикер. 

Оның айтуынша, Президент коммуналдық жүйелердің ескіргендігі туралы айтқан. 

Келесі – макроэкономикалық өзгерістер. Қазір өндірісті дамыту арқылы табыс қанша табатын болсаң, сонша салық төлеуің керек. Бұл - әлемдік тренд. Шетелдерде 35-40%  дейін салық төлейтіндер бар. Мемлекеттің дамуы, «Ұлттық қордың» ұлғаюы, инфрақұрылымның жолға қойылуы осы салық жүйесіне байланысты. Салық кодексін өзгерту бойынша депутаттарға берілген тапсырма алдағы уақытта өз нәтежиесін береді деп ойлаймын. 
Одан кейін, бәрімізге белгілі қыс мезгілінде Екібастұз, Петропавл жерінде болған апатты оқиғалардың салдарынан сабақ алуымыз керек. Президент коммуналдық жүйелердің ескіргендігі туралы да айтты. Су тапшылығы мәселесі тек ауылдық жерлерді ғана емес қалаға да төніп тұрған қауіп деп атап өтті. Оған нақты мысал жаңадан құрылған Ұлытау облысындағы Жезқазған қаласында таза су мәселесінің ушығып тұрғаны. Мұның барлығы тек республикалық бюджеттен емес, жоғарыда айтып өткен инвестиция тарту арқылы шешілуі қажет, - деді саясаттанушы.

Сөз соңында банк жұмысына тоқталып, Президент дәл осы мәселені дер кезінде қозғағанын тілге тиек етті.

Бүгін айтылғандардың ішіндегі мен үшін ең маңыздысы – орта және шағын бизнесті дамытуға мемлекет пен Үкімет тарапынан көмек жасау арқылы отандық өнім жасап шығаратын кәсіпкерлерді барынша қолдау және үздіктерін кеңірек дәріптеу. Өйткені, нарықтық экономиканың негізгі тетігі шағын және орта бизнес. Әр өңірдің климаты мен географиясына қарай ауыл шаруашылығын дамытуда өзіндік ерекшелігін ескере отырып субсидия мен несие жағынан көмек көрсету керек. Президент атап өткендей, банктер ақшасы бола тұра шағын және орта бизнесті несиелеуге ден қоймай отыр. Осы тұрғыда банктердің жұмысын қайта қарау тапсырылды. Бұл кәсіпкерлер үшін ең негізгі алғышарт деп ойлаймын, - Қазбек Майгельдинов.