Қазақстан мен Корея бірқатар бірлескен құжатқа қол қойды
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Сеул қаласына (Оңтүстік Корея) барды, деп хабарлады Elorda.info.
Делегация құрамына Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «СК-Фармация» өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтар өкілдері кірді.
Сапар аясында қазақстандық делегация «KIA», «SK», «Doosan», «KIGAM», «GL Rapha», «Youngsan», «OFE», «Dongil»«Motrex», «SsangYong», «Hi Air Korea» сияқты жетекші кореялық компаниялардың басшылығымен кездесті. Кездесулер барысында машина жасау, фармацевтика, ТМК, энергетика және құрылыс сияқты салаларда іске асырылып жатқан және келешегі бар бірлескен жобалар талқыланды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $6 млрд-тан асты, ал Кореядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) көлемі 2022 жылы шамамен $1,5 млрд болды, бұл Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық қатынастардың тарихында рекордтық көрсеткіш болып отыр.
Сонымен қатар Корея Республикасының сауда, индустрия және энергетика министрі Ли Чханг Янгпен кездесу өтті. Әңгіме барысында Қазақстан-Корея екіжақты экономикалық ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстанның Оңтүстік Кореяның капиталы мен технологияларын тартуға қызығушылығы жоғары екені атап өтілді.
Экономикалық өзара іс-қимылдың басым бағыттары – энергетика, ТМК, машина жасау, электр техникасы, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, көлік инфрақұрылымы, білім беру және туризм. Бізді Оңтүстік Кореяның электронды өнеркәсіп, машина жасау, жаңартылатын энергия көздері және “жасыл” экономика салаларын дамытудағы озық тәжірибесі қызықтырады. Оңтүстік Кореяның бірқатар компаниясы қазірдің өзінде біздің елімізде энергетика, инфрақұрылым және басқа да салалар бойынша жобаларды іске асыруға белсенді түрде қатысуда, — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Жұмыс сапары аясында ынтымақтастық туралы бірқатар бірлескен құжатқа қол қойылды, оның ішінде «Vehicles Almaty» ЖШС-мен «Youngsan Corporation» компаниясының өнімдерін локализациялау, оңтүстік кореялық «Motrex» және қазақстандық «Сar Wagon Wheels» компанияларымен бірлесіп мультимедиалық құрылғылар шығару жөніндегі келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Kia Corporation президенті және CEO-сы Хо Сун Сон мырзаның арасында Қазақстан Республикасының автомобиль жасау өндірісін бірлесіп дамыту, локализациялауды тереңдету және инженер кадрларды оқыту туралы келісімге қол қойылды.