Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық артады
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Дорж Баярхуумен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.
Кездесу барысында Аида Балаева министрлік мәдениет, ақпарат, дін саласы бойынша және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара әрекет етуінің тиімді моделін құру, мемлекеттік жастар және отбасылық саясатты жүзеге асыру, сондай-ақ этносаралық келісім саласында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
Дорж Баярхуу Моңғолия үшін медиасферадағы ынтымақтастық ерекше қызығушылық тудыратынын атап өтті. Осыған байланысты «Хабар» агенттігі және «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі ірі моңғолиялық БАҚ-пен меморандумдарға қол қойды.
Бірлесіп деректі, көркем, анимациялық фильмдер, сериалдар шығару үшін, сондай-ақ екі елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге арналған экспедиция құру үшін ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу соңында тараптар мәдени-гуманитарлық салада бірлесіп жоспар дайындауға келісті, оны іске асыру екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.