Иорданиялық компаниялар Қазақстан нарығына инвестиция салуға ниетті – Иордания Королі ІІ Абдалла

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысты. Иордания Королі ІІ Абдалла бизнес-форум жұмысына қатысушыларға ризашылығын жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Ол бүгінгі пікір алмасулар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретінін айтты.
– Бұл форум Сіздердің компанияларыңыз бен мекемелеріңіз үшін бірлескен кәсіпорындар құруға және экономиканың орнықты өсуіне инвестиция тартуға арналған бағыттарды зерделеуге жол ашады деп ойлаймын. Біздің Үкімет пен Сауда-өнеркәсіп палатасы бүгінгі диалогты нақты жүзеге асыру үшін жұмыс істейді. Орайлы сәтті пайдалана отырып, қазақстандық серіктестерімізді Иорданияға шақырамын. Сол арқылы біздің ұсыныстарымызбен таныса аласыздар. Өз кезегінде иорданиялық компаниялар қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан нарығына инвестиция салуға ниетті. Осы форумда айтылған бастамалардың нақты жобаларға айналып, ұзақ мерзімді серіктестікке ұласуына бірлесе атсалысайық, – деді Король ІІ Абдалла.



