Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдар Түркияға экспортталады

29 шілде, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдар Түркияға экспортталады
Фото: akorda.kz

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қолға алынған реформалар шетелдік кәсіпкерлерге мол мүмкіндік береді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайын.

Бұдан бөлек Кеңес отырысында екі ел делегациялары энергетика саласындағы ықпалдастық мәселесіне тоқталды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы түрік компанияларын энергия тапшылығын жоюға бағытталған жобаларға қатысуға шақырды. Әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексінде шикізатты терең өңдеуге ынталандыратын роялти тәртібі, яғни айрықша мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді. Түрік инвесторларына бірлескен қор құру арқылы тау-кен саласы мен табиғи ресурстарды игеруге қатысты тың жобаларды жүзеге асыру ұсынылады.

Екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының болашағы зор. Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің (клейковина) 26 пайызы Түркияға экспортталады. Жалпы, елімізде түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың 18-і іске қосылып, өнімдері халықаралық нарыққа шығарылуда.