Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы сауда айналымының 80 пайызы тиесілі
Ташкентте Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев кездесті, деп хабарлады Elorda.info.
Әлихан Смайылов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті, деп жазады Хабар24. Жоғары деңгейде болған келіссөздер кезіндегі уағдаластықтарды іске асыруды Үкіметтер ерекше бақылауға алмақ. Сонымен қатар Премьер-министр ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысының қорытындысы туралы хабардар етті. Кездесу кезінде қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын салудың маңызы да айтылды.
Екі елдің өндірістік кооперация нәтижелері қуантады. Осы уақытқа дейін бұл бағытта 10 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Құны 2,2 млрд доллар болатын тағы 46 жоба жоспарланған. Өзбекстан біздің стратегиялық серіктесіміз. Тұтас Орталық Азиядағы сауда айналымының 80 проценті Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі. Былтыр мемлекеттер арасындағы өзара алыс-беріс көлемі 30 пайызға өсіп, 5 млрд доллар болды. Демек, алға қойған мақсатқа жеттік. Қазіргі таңда президенттер жаңа межені айқындап берді. Келешекте сауда айналымын 10 млрд долларға дейін ұлғайтамыз деп сенемін, - деді Әлихан Смайылов.