Қазақстан мен Қытай арасында азаматтар визасыз қатынай бастады
Бүгін ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді, деп хабарлады Elorda.info.
Аталған келісімге осы жылғы 17 мамырда Сиань қаласында (ҚХР) қол қойылған болатын. Артынан тиісті орындар аталған келісім 10 қараша яғни, бүгіннен бастап күшіне енетінін жазған болатын.
Осы келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте, азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет, - деп жазылды Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми жаңалықтар каналында.
Айта кетейік, азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.