00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Бейбіт шеруге шықтық»: Желтоқсан оқиғасына қатысқан Айжан Тұрғанбекова алаңға шыққан күнді еске алды

16 желтоқсан, 2024
Зарина Сәрсенбайқызы Зарина Сәрсенбайқызы
«Бейбіт шеруге шықтық»: Желтоқсан оқиғасына қатысқан Айжан Тұрғанбекова алаңға шыққан күнді еске алды
коллаж: Elordainfo.kz.

Биыл Желтоқсан көтерілісіне 38 жыл толды. Алаңға жігіттермен қатар батыл әрі қайсар мінезді қыздар да шыққаны баршамызға мәлім. Сол ызғарлы күндерді кейіпкеріміз Айжан Тұрғанбекова әлі ұмыта қоймаған. Ол Elordainfo.kz тілшісіне аласапыран күндер мен желтоқсанан кейінгі өмірі туралы айтып берді.

– Айжан ханым, Желтоқсан оқиғасы кезінде нешінші курста оқып жүрдіңіз?

– Мен 1983 жылы Қызылорда облысынан Алматыдағы келіп, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түстім. 1986 жылдың қазан айында тұрмысқа шығып, жолдасым екеуміз институтта бірге 4 курста оқып жүрдік. Желтоқсан оқиғасы болған кезде студенттер қысқы сессияға дайындалып жүрді.

16 желтоқсан күні Кеңес Одағы Компартиясы І Хатшысы Михаил Горбачевтың халықпен санаспастан, Қазақстан Компартиясының жетекшісі Дінмұхамед Қонаевты зейнетке шығарып, оның орнына Ресей Федерациясынан Геннадий Колбинді тағайындапты деген хабарды естідік.

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Алаңға шығу туралы ұсынысты кім айтты?

– Сол күні, яғни 16 желтоқсан күні кешке қарай жатақханаға бір топ жігіттер келіп, бізге «Жігіттер-қыздар болған оқиғаны білетін шығарсыңдар, біз де өз наразылығымды білдірейік, бейбіт шеруге алаңға шығайық» деген ұсыныс айтты. Біз не болса да таңертең барамыз деп шештік. 17 желтоқсан күні таңертең бәріміз әдеттегідей сабаққа бардық. Біздің топта ол кезде 30-ға жуық студент оқыды. Оқытушы сабаққа келмеген студенттердің  қайда екенін сұрай бастады. Олардың алаңға кеткенін айтқан соң бәрімізді сабақтан босатып жіберді. Осылайша біз де алаңға қарай жол тарттық. Көпшілік ескі алаңға жиналып жатқанын естідік. Барсақ әскерилер алаңды қоршап алыпты. Ал оның ортасында бейбіт шеру болып жатты. Солай түске дейін алаңға өте алмадық. Күн аяз. Түстен кейін жаңа алаңға (қазіргі Республика алаңы – ред.) барамыз деп жатақханаға қайтып келдік.

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Желтоқсан оқиғасы туралы талай айтылды. Сіз куәгер ретінде толығырақ баяндап берсеңіз.

– Мен айтқан жаңа алаң біздің жатақханаға жақын болды. Түстен кейін ол жерге көп адам жиналған, әскерилер алаңды қоршап тастаған.  Қасымда жолдасым және екі досымыз болды. Төртеуміз Үкімет үйінен айналып өтіп, алаңға түстік. Жиналғандар «Әр елдің өз көсемі болу керек!», «Қазақты қазақ басқарсын!» деп ұрандатып,  Колбиннің орнына қазақ азаматын тағайындауды талап етіп жатты. Барлығымыз «Менің Қазақстаным» әнін орындап, күннің суығында алаңда тұрдық. Үкімет тарапы жастардың тарауын сұрап, бұл әрекет үшін жазалатынымызды ескертті. Біз оны елемей, әрі қарай тұра бердік. Сол кезде Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болған Нұрсұлтан Әбішев те бейбіт шеруді тоқтатуды сұрады. Жиналған халық тыңдамай кетті, одан сайын ызалана бастады. Ортада араңдатушылар болған деседі. Солай ұрып-соғу басталып кетті. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскерилері қолдарындағы дубинкамен барлығын ұра бастады, жастар қашудың орнына ағаштың бұтақтарын сындырып алып, қарсылық танытты. Сосын жиналғандар жан-жаққа қаша бастады.

– Әрі қарай не болды? Әскерилердің ұрып-соғуынан зардап шеккен жоқсыз ба?

– Бейбіт шеру соңы аласапыран болып кетті. Біз жатақханамызға қарай жүгірдік. Сол кезде мен аяғымнан соққы алып, жерге сұлқ етіп құладым. Жаныма жолдасым келіп, мені сүйреп алып кетіпті. Есімді жисам, екі ғимараттың ортасынан өтіп бара жатырмыз. Адамдарға су шашу үшін 6 өрт сөндіру көлігі келіпті. Біз оған дейін жатақханаға кіріп үлгердік. Жатақхана басшылығы қашып келген студенттерді кіргізіп, есікті жауып алды. Себебі әскерилер кіруге тырысты. Кейіннен Алматыдағы өзге жатақханалардың ішіне әскерилер кіріп, тығылып қалған жастарды ұрыпты дегенді естідік. Ол кезде тіпті шеруге шықпаған адамдарды да соққыға жықты. Қашып үлгермегендерді ұстап, қала сыртына шығарып тастады. Қыздардың шашынан сүйреп, теуіп, қорлық көрсеткен.

Жатақхана терезесінен көшеде әскерилердің қазақ жастарының артынан жүгіріп, ұрып келе жатқанын көрдік. Олар біздің жатақхананың студенті болмаса да, ұрып-соғудан құтқарғымыз келді. Содан мен бөлмедегі қыздарға балконнан бос банкаларды лақтырайық деп айттым. Үшінші қабатта тұрып бос шыныларды лақтыра бастадық. Сол кезде әскерилер артқа жылжыды. Бірақ ызаға булыққан жастар кейін шегінген әскерилерге өздері шабуылдай бастады. Үшінші қабаттан әскерилердің су шашып жатқанын, жастардың мемлекеттік нөмірі бар көліктерді аударып тастаған көрдім. Олар тіпті 6 өрт сөндіру көлігін жағып жіберген. 

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– 18 желтоқсан күні Алматыда ахуал қандай болды?

– 17 желтоқсанда түні бойы у-шу тоқтамады. Жатақхана терезелері сынды. Ашынған қазақ жігіттері орыстарды ұра бастады. 18 желтоқсан күні таңертең сабаққа бару керек болды. Мен Фирисов деген қатал мұғалім беретін «Фитопотологогия» сабағына ұйықтап қалдым. Ол сабаққа қатыспай қалудан барлығы қорқататын. Сүйтіп не істерімді білмей, балконға шықсам, сабаққа кеткен группаластарым алаңда жүр екен. Кейін олардың сабаққа барып, бірақ қазақтың жігіттері келіп, «Наразалық білдірмей неге отырсыңдар?» деп студенттерді алаңға алып шыққанын білдім. Ол кезде жатақханадан шығу қиын болатын. Мен жаныма құрбымды алып, «Алаңға кеткен қыздарды алып келеміз» деген сылтаумен жатақханадан шығып кеттік. Дүрбелең әлі аяқталмаған, әскерилер тіпті иттермен жүрді. Алаңға келіп, өз группаластарымызды іздей бастадық. Бар мақсатымыз оларды құтқару еді. 18 желтоқсан күні кешкі алтыдан кейін коммендаттық сағат жарияланды. Яғни оқу және жұмыс уақытынан тыс кезде көшеде жүруге болмайды. Екі адамның бірге жүруіне рұқсат берді, бірақ үш және одан да көп адам бірге жүрсе, әскерилер тергеп, тіпті ұстап алып кеттіп жатты.

– Комменданттық сағат қашанға дейін жалғасты?

–  Қателеспесем, коммендаттық сағат Жаңа жылға дейін жалғасты. Біздің жатақханаға қарама-қарсы бетте азық-түлік сататын дүкен болды. Мен нан алуға дүкенге шықтым. Көшеде қаптаған әскерилер жүрді. Сол кезде біздің институтта оқитын үш қызды менің көзімше автобусқа мінгізіп, алып кетті. Ол көріністі көрген соң денем тітіркеніп, қорыққаннан жүре алмай қалдым. Сол қорқынышпен нан алуға қалай барғаным есімде жоқ. Тіпті Д.Қонаевтың туған күні, яғни 12-ші қаңтар күні жастар тағы алаңға шығады деп қорқып, әскерилер ол жерді қоршап алды.

– Бейбіт шеруді қолдау мақсатында алаңға шықтыңыз, кейін оның қандай салдары болды?

– Желтоқсан оқиғасынан кейін алаңға шыққан жастардың суреті жарияланды.  Біздің сол жерде жүргенімізді көрсететін сурет болмаса да, жатақхана терезесінен шыны ыдысты лақтырып жатқанымыз түсіп қалыпты. Оны бізге кураторымыз айтты.

Кейін тергеу жұмыстары басталды. Дәріс барысында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскерилері келіп, бір-екі студенттен шақырып, деканатта тергеді. Олар біздің оқиға күнді баяндап берген әр сөзімізді салыстырды. «Алаңға кім шық деді?», «Қай мұғалім айтты?» деген сұрақтар қойып, суреттегі адамдардың кім екенін сұрай бастады. Ол кезде қандай киімде болғанын да қарады. Себебі суреттен адам беті дұрыс көрінбеді. Осылайша түрлі сұрақтың астында қалдық. Біздің деканымыз «сол күні киген киімдеріңді ауыстырыңдар, көрсетпеңдер» деген тапсырма берді. Осылайша ол өз студенттерін қорғап қалғысы келді.

Ол кезде «Д.Қонаевтың жақтастары ұйымдастырды, жастарды алаңға солар шығарды», «алаңға шыққандар алқаштар, жынды, нашақорлар» деген жалған әңгімелер айтылып жүрді. Шатаспасам, оқиғадан кейінгі қудалау қаңтар және ақпан айлары бойы жалғасты. Біздің топтан ешкім оқудан шықпаса да, басқаларда ондай жағдай болды. Жалпы барлығымызға сөгіс жарияланды.

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Айжан ханым, Желтоқсан оқиғасынан кейінгі өміріңіз қалай жалғасты?

–  Арада 38 жыл өтсе де, есіме сол күндер түссе, бойымды үрей мен қорқыныш билейді. Бізді ұрып, соғады деп мүлде ойламадық. Керісінше, «бейбіт шеруге шығамыз, өзіміздің наразылығымызды білдіреміз, Үкімет пен партия бізді тыңдайды» деп ойладық. Ол кезде бейбіт шеруге шығып, өз наразылығын білдіру деген болмаған. «Ертеңгі күніміз не болады, қудалауға ұшыраймыз, оқудан шығарады, ата-анамызды қызметтен босатып жібереді» деп те ешкім ойламады. Біздің заманда патриоттық сезім мықты болды, жастар әсіресе ер-азаматтар намысшыл болды. Сол кезде алған стресс әлі бар. Әскерилердің адамдарды ұрып-соққаны әлі көз алдымда.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

Желтоқсан оқиғасына  қатысушылармен кездескен сайын осы ауыр күндерді еске аламыз. Әскерилерге ұсталып, қорлық көрген, сотталған, оқудан шығарылып, қызметтен кеткен жандар туралы еске алып тұрамыз. Менің тобымдағы қыз-жігіттер жатақхана жақын болғандықтан аман қалды. Одан кейін тергеу барысында факультет басшылығының арқасында оқудан шығарылған жоқпыз.

Бір қызығы, біз алаңға шыққан күндері менің аяғым ауыр болыпты. Оны кейін білдім. 1987 жылы көктемде Саратов қаласына тәжірибе өтуге бардық, сол жақта босандым. Аяғымнан соққы алсам да, тұңғышым дені сау туылды. Алматыдан 1988 жылы ғалым-агроном мамандығын меңгеріп, Жамбыл облысына жолдасым екеуміз жұмыс істеуге кеттік. Ол кезде оқудан кейін жұмысқа институт өзі жіберетін. Төрт жылдан кейін жолдасым өмірден озып, екі баламмен күйеуімнің туған жеріне оралдым.

– Астанаға қашан келдіңіз?

– 1997 жылы балаларымды алып, елордаға көшіп келдім. Содан бері жеке кәсіпкер болып жұмыс істеп келемін. Бүгінде «Желтоқсан - 86 - Тәуелсіздік Қырандары» халық қаһармандары қозғалысының мүшесімін.

Осы уақытқа дейін 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні мерекеге айналып, тойланып жүр. Менің ойымша, бұл - қаралы күндердің бірі. Қазір жасым 60 та болса да, әлі де сол күндерді еске алып, аруақтарға дұға етемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!