Қазақстан мен Руанда жасыл энергетика саласын өркендетуге мүдделі - Президент

Қазақстан мен Руанда жасыл энергетика саласын өркендетуге мүдделі - Президент
https://t.me/aqorda_resmi/24755

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Руанда жасыл энергетика саласын өркендетіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүдделі екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Aqorda-ның telegram арнасына сілтеме жасап. 

Осыған орай қос мемлекет бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл уағдаластықтар сауда-саттық көлемін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар екі елдің инвестициялық ықпалдастығына тың серпін береді.

Бүгінде Астана мен Кигалидің халықаралық қаржы орталықтары арасында тығыз байланыс бар. Біз жаһандық қаржы нарығындағы осы байланысты одан әрі нығайтуға келістік. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Руанданың климатты сақтау бағытында мол тәжірибесі бар. Соның арқасында жаһандық жобаларға зор үлес қосып келеді. Осы ретте тәжірибе алмасудың өзекті екенін атап өттік. Халықаралық конвенциялар мен келісімдер аясында экология мәселелерін шешу үшін күш біріктіру жолдарын талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінгі келіссөздер кезінде мәдениет, білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, президенттер академиялық байланысты дамытуға, студент алмасуға, сондай-ақ, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге келісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кагамені әлемдік саясатта мол тәжірибесі, беделі бар Президент ретінде атап өтіп, жаһандық мәселелер жөнінде пікір алмасқанына тоқталды.

Екі елдің халықаралық түйткілдерге қатысты ұстанымдары ортақ деп айтуға болады. Біз жаһандық дағдарыстың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешу керек деп есептейміз. Бейбіт келіссөздер жүргізуді қолдаймыз. Бұған қоса, халықаралық ұйымдар аясында өзара ықпалдастықты күшейтуге уағдаластық. Бастамаларымыз бойынша бір-бірімізге қолдау көрсетуге келістік. Президент Кагаме мырзаның елімізге ресми сапарының тарихи маңызы бар. Біз екіжақты байланысты дамытуға, түрлі саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенімізді растадық. Бүгінгі келіссөздің нәтижесі – соның айқын дәлелі. Енді осы келісімдерді сапалы жүзеге асыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Поль Кагаме бүгінгі келіссөздердің қорытындысын жоғары бағалады.

Қазақстан Президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргіздік. Елдеріміз арасындағы берік достық өзара серіктестігімізді одан әрі нығайтуға негіз болады. Келісімдерге қол қою арқылы ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттыруға ниеттіміз. Екі мемлекеттің сауда, технология және ауыл шаруашылығы салаларында бір-бірінен үйренері көп. Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board арасында келісім жасалуын құптаймыз. Руанда Қазақстанның энергетика, тау-кен өнеркәсібі және минералдарды өңдеу салаларындағы инновацияларын игеру арқылы айтарлықтай пайдаға кенеле алады, – деді Руанда Президенті.