Аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды – Қасым-Жомарт Тоқаев

12 маусым, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

Президент соңғы жылдары Қазақстанда жан-жақты жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біз жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға маңызды түзетулер енгіздік. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген жаңа жүйеге көштік. Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот құрылды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртыла бастады. Биылдан бастап еліміздегі барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайлануда. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болған емес», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құруды түпкі мақсатымыз деп атады.

«Бұл тұжырымның ажырамас бөлігі – Таза Қазақстан концепциясы, оны біз түбегейлі іске асыруымыз керек. Таза Қазақстан дегеніміз – тек тазалық қана емес, бұл – халқымыздың болмысын жаңғырту, өркениетті ұстанымдарға қарай бет бұру деген сөз. Мен халықпен, әсіресе, жастармен кездескен кезде оларға үнемі еліміздің келешегі – өскелең ұрпақтың қолында деп айтамын. Бұл – шындық, ақиқат. Сондықтан жастарымыз саналы, ақылды, көзі ашық, ұқыпты, зайырлы және адал болуы керек»,-  деді Президент.