Астанада Түркияның үздік оқу орындарының филиалдары ашылады


Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде егжей-тегжей пікір алмасты
Соның ішінде, екі елдің білім бағытындағы қатынастарының тамыры тереңде жатыр. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының екі мектебі, сондай-ақ Түркияның үздік оқу орындарының филиалдары ашылмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияның жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында былтыр желтоқсанда жаңа мектеп құрылысы басталды. Білім беру ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, туризм саласындағы оң үрдісті қолдау, сондай-ақ сан қырлы екіжақты байланыстарды ілгерілету үшін Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылданды.
Қазақстан делегациясына ілтипат білдірген Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Екінші отаныңызға қош келдіңіз» деп ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толуымен құттықтады.
«Біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан – атамекеніміздегі ең ірі сауда серіктесіміз. Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу үшін жұмысымызды жалғастырамыз», - деді Түркия Президенті.
Кеңес отырысында Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Түркия тарапынан Сыртқы істер министрі Хакан Фидан баяндама жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен декларациясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының шешімін қабылдады
Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапарының аясында үкіметаралық және ведомствоаралық 18 құжатқа қол қойылды.