Сенат Қазақстан мен Қырғызстан шекара учаскелеріне қатысты заңды мақұлдады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлады Elorda.info.
Inform.kz жазуынша, хаттаманың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының шекаралық өкілдері өз функцияларын орындауға жауапты болатын мемлекеттік шекара учаскелерінің аумақтық шектерін айқындау. Осы орайда 2019 жылғы 20 мамырда Бішкекте жасалған екі мемлекет арасындағы хаттаманы қолданысқа, заңдық күшіне енгізу ескерілген.
Хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі мынадай учаскелерді айқындады:
Қазақстан Республикасының жағынан – Алматы, Қордай және Тараз учаскелері, ал Қырғыз Республикасының жағынан – Ыстықкөл, Шу және Талас учаскелері.
2001 жылғы 15 желтоқсанда Астана қаласында жасалған «Шекара өкілдерінің қызметі туралы» келісімнің 2-бабына сәйкес, шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері хаттамамен бекітілуі тиіс. Хаттамада Қазақстан жағынан – Алматы, Жамбыл облыстары, Қырғызстан жағынан – Ыстықкөл, Шу және Талас облыстары шегіндегі учаскелері бойынша тиісті геодезиялық координаттар анықталып, Қазақстан, Қырғызстан және көрші Өзбекстан мен Қытай мемлекеттерінің шекаралық түйісу нүктелері белгіленген. Заңды ратификациялаудың басты мақсаты – Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының мемлекеттік шекарасында тұрақтылық пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету, өзара келісім мен сенімділікті арттыру, - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Келісім әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, тиімді көршілік қатынастарды реттеуге, қару- жарақ, оқ-дәрі, есірткі, психотропты, радиоактивті және құнды заттар мен валюталардың контрабандасына қарсы күрес жүргізуге, сондай-ақ су тасқыны, эпидемия, зиянкестердің таралу қауіпін болдырмауға, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, екі мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған шекаралық саясатты жүргізуге мүмкіндік береді.