1 қаңтардан бастап Конституциялық Сот өз қызметін бастайды
Конституциялық Сот – бұл мемлекеттің конституциялық негіздерін және адамның конституциялық құқықтарын қорғауға арналған әлемдік модель. Қазақстанда осындай институтты құру еліміздің құқық қорғау жүйесін жаңғырту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
Конституциялық Соттың қызметі үшін заңнамалық, құқықтық негізді қамтамасыз ету, оған Конституциямен жүктелген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң қабылданды. Конституциялық заң Конституциялық Соттың және оның судьяларының мәртебесін, олардың өкілеттіктерін, кепілдіктері мен қамтамасыз етілуін толық ашады. Сондай-ақ конституциялық іс жүргізуді жүзеге асыру тәртібі егжей-тегжейлі регламенттелген. Конституциялық Сот еліміздің барлық аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болып табылатынын және биліктің сот тармағына жатпайтынын атап өткім келеді, өйткені бұл мәселе Конституцияда нақты шешілген. Бұл Конституциялық Сот сот шешімдерін қайта қарамайды немесе күшін жоймайды дегенді білдіреді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық Сот өз қызметін бастайды, - деді спикер.
Оның айтуынша, реформаның басты жаңалығы – азаматтарға Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну құқығын беру. Бұрын мұндай мүмкіндік қарастырылмаған болатын. Енді Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады. Азаматтармен қатар, Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы. Осы ережелердің барлығы Конституциялық заңда тиісті реттеуді тапты.