00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Алдағы сайлаудан кейін билікке жаңа адамдар келуі мүмкін – Сенат төрағасы

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Алдағы сайлаудан кейін билікке жаңа адамдар келуі мүмкін – Сенат төрағасы
ашық дереккөз

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы елімізде кезектен тыс Президент сайлауын, Мәжілістің сайлауын өткізу туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты толықтай қолдаймыз. Жалпы, осындай қадамға барудың бірнеше нақты себебі болды. Біріншіден, елімізде үлкен саяси реформалардың жүзеге асып жатқанын білесіздер. Осындай реформалардың аясында үлкен өзгерістер болып жатыр. 5 маусым күні референдумда Конституциямызға өзгерістер енгіздік. Ары қарай осы саяси-экономикалық реформалар жалғасатын болады, - деді М. Әшімбаев.

Осы орайда ол халықтың қолдауы арқылы аладағы өзгерістерді іске асыру мүмкін болатынын айтты.

Сондықтан еліміздегі осы жағдайды, қаңтарда болған трагедиялық оқиғаларды ескеріп, тиісті өзгерістер болып жатыр. Түбегейлі реформаларды жалғастыру үшін билік тармақтарына, Президентке, Үкіметке, Мәжіліске, Сенатқа, мәслихаттарға халықтың мандаты керек. Халық қолдаса, онда сол мандатты алып, ара қарай түбегейлі реформаларды жалғастыруға мүмкіндік болады, - деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар М.Әшімбаев келесі жылы өтетін сайлаудан кейін Парламентке түрлі саланың мамандары келетінін атап өтті.

Екіншіден, соңғы айларда билікке жаңа адамдар келуі керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Басқа салаларда қызмет етіп жүргендердің, қоғамдық жұмыстағылар, бизнестегі мамандардың, ғылымдағы азаматтардың келуі туралы ұсыныстар айтылып отыр. Сондықтан алдағы сайлауларды өткізу арқылы Мәжіліске, Сенатқа, мәслихаттарға, Үкіметке жаңа адамдардың келуіне мүмкіндіктер туады. Бұл сайлаулар реформалардың жалғасы және оның нәтижесінде жаңа қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, жаңа саяси партиялардың билік тармақтарына келуіне жол ашылады, - деді Сенат төрағасы.