ШЫҰ-ға мүше елдердің қорғаныс министрлері өзекті мәселелерді талқылады
Қазақстан әскери делегациясын Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов басқарып барды.
Қорғаныс ведомстволарының басшылары Қарулы күштер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдіре отырып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты және сенімді орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Кеңеске қатысушылар Ауғанстандағы тұрақсыз жағдай ерекше алаңдаушылық тудырып отырғанын да атап өтті.
Қазақстан Қорғаныс министрі ШЫҰ Хартиясына негізделген және ұзақ мерзімді тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартты және басқа да құжаттарды сөз ете келе, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың оң сипаты бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік саласындағы өзекті ортақ проблемаларды шешу жолдарын іздеуге ықпал ететінін атап өтті.