Қорғаныс министрі әскери бөлімдердің дайындығын тексерді
Жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру, сондай-ақ оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының Қарулы күштерде іске асырылу барысын басты назарға алды. Сонымен қатар, «Жаңа Қазақстан» идеясы аясында Қарулы күштерде жаңару мен жаңғырту жүргізіледі, – делінген министрліктің ақпаратында.
«Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Шайх-Хасан Жазықбаев пен әскери бөлімдердің командирлері мақсат-міндеттері, жауынгерлік мүмкіндіктері, істердің ағымдағы жай-күйі және орын алып отырған проблемалық мәселелер туралы баяндады.
Қорғаныс ведомствосының комиссиясы әскери инфрақұрылымның, әскери техниканың, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтаудың, әскери объектілердің өртке және диверсияға қарсы қауіпсіздігінің жай-күйін тексерді.
Жұмыс сапарының нәтижесі бойынша министр жауынгерлік даярлық пен жалпы қызметтің ұйымдастырылуын жетілдіруге, бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін арттыруға, оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.