Қазір кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек – Тоқаев
Бастапқыда бейбіт шерулер болды, мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, талаптарын айтты, наразылық білдірді. Әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ кейін жағдай мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингке қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды. Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі, – деді Мемлекет басшысы.
Қ. Тоқаевтың айтуынша, арандатуға ерген бейбіт шерушілерді лаңкестерден, қарақшылардан бөліп алуымыз керек. Кінәсіз азаматтардың құқығы міндетті түрде қорғалады.
Алаңда шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді. Ең алдымен, лаңкестер жағдайды ушықтырды. Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал, бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын, – деді Президент.