00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халқының өмір сүру деңгейін жақсартуға ұмтылды – Манасерян

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халқының өмір сүру деңгейін жақсартуға ұмтылды – Манасерян
ашық дереккөз

– Құрметті Артур мырза! 1991 жылдың 21 қыркүйегінде Армения, көп өтпей 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік алғанын жариялады. Содан бері арада 30 жыл өтіпті. Қос ел даму жолына бірге қадам басып, бір-біріне қолдаушы болып келе жатыр. Осы жылдар ішіндегі Қазақстанның жүріп өткен жолына қандай баға бересіз?

– Қазақстан тәуелсіздік жылдарында тұрақты экономикалық дамуға және халқының өмір сүру деңгейін жоғарылатуға ұмтылды. 30 жыл ішінде Қазақстан өз мақсатына толықтай қол жеткізді, халықаралық аренада үлкен беделге ие, гүлденген, дамушы елге айналды деп санаймын. Тәуелсіздік жылдарында рес­публика Біріккен Ұлттар Ұйы­мының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының толық құқықты мүшесі, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қатысушысы болды. Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақтың, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының және басқа да ұйымдардың белді мүшесі. Сонымен қатар Қазақстан экономикасын дамыту үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасап келеді. Бұл сөзімізге Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды құрылыс жұмыстары мен халықтың өмір сүру деңгейі­нің жылдан-жылға өсіп келе жатқандығы дәлел.

– Екі елдің ортасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жыл өткен сайын қарқынды дамуда. Қазақстан мен Арменияның қарым-­қатынасын қалай сипаттайсыз? Сіз тағы қандай салаларда ынтымақтастықты дамытып, басымдықтарды белгілеу қажет деп ойлайсыз?

– Тәуелсіздік алған сәттен бастап Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай жоғары деңгейде және қарқынды дамуда. Екіжақты ынтымақтастық шеңберінде Армения-Қазақстан үкіметаралық комиссиясы жұмыс істейді, оның 8-отырысы жақында өтті. Онда екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Армения мен Қазақстан – парламентаралық дос. Мемлекеттеріміздің парламенттері арасындағы өзара іс-қимыл парламентаралық достық форматында халықаралық ұйымдардың алаңдарында жоғары бағаланып жүр. Екі ел мерзімді түрде депутаттардың кездесулерін ұйымдас­тырады, шарттық-құқықтық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін Армения мен Қазақстан арасында 35-тен астам құжатқа қол қойылған. Сондай-ақ экономикалық саладағы ынтымақтастық дамып, кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форумдар өткізілуде.

Келешекте екі ел туризм және жоғары технологиялар саласында өзара іс-қимылды дамыту қажет деп санаймын. Бұл тұрғыда кәсіпкерлердің бір-бірімен тәжірибе алмасқаны да аса маңызды.

– Арменияның табиғаты ежелден ерекше. Туризм саласын тұрақты дамытып келе жатқан елдердің қатарында. Ал сізге Қазақстанда демалыс өткізген ұнай ма? Сіздің ойыңызша, еліміздің туристік саласын қалай дамыту керек?

– Иә, маған Қазақстанда демалыс өткізген ұнайды. Елдеріңіздің де табиғаты әсем. Шығыстан батысқа дейінгі әр аймақ тарихи дерек пен мол шежіреге толы. Асқар таулар мен айдын көлдер, ну орман мен шөл дала – Қазақ­стан географиясына ғана тән ерекшелік. Қазіргі таңда Қазақстанның түрлі қызмет салаларын дамытып жатқанын ескерсек, туризм саласында елеулі кемшіліктерді көріп отырған жоқпын. Ең бастысы, қалаларды байланыстыратын автомобиль жолдарын жақсартуға көңіл бөлу және Қазақстанға келетін туристер үшін кең ауқымды ақпарат беру қажет.

– Артур мырза, сіз Қазақстанда қай уақыттан бері тұрасыз? Арменияның қарапайым тұрғыны Қазақстан туралы не біледі? Біздің елге алғаш келгенде сіздің әсеріңіз қандай болды?

– Қазақстандағы дипломатиялық миссияны 2019 жылғы тамыздан бастадым. Яғни Нұр-Сұлтанда 2 жылдан астам уақыт тұрамын. Қазақстан астанасында жұмыс істеп жүріп, мен қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен, елорданың мүмкіндіктерімен жақынырақ таныстым. Қазақстан мені ғажап табиғатымен, дәмді тағамдарымен таңғалдырды.

Өкінішке қарай, Қазақстан мен оның мүмкіндіктері, көрікті жерлері туралы Арменияда ақпарат жоқ. Сондықтан армяндар Қазақстанның, әсіресе туризм саласындағы мүмкіндіктері жайынан бейхабар.

Менің ойымша, қазіргі ғаламтор нарығындағы барлық мүмкіндікті пайдаланып, осы хабарсыздықтың орнын толтыру керек. Қазақстанның туристік әлеуеті туралы ақпараттың неғұрлым кең көлемін жария­лай бергеніміз жөн. Ол үшін Армения мен Қазақстанның туристік компанияларымен жұмысты күшейту және дамыту қажет.

– Қос елдің астаналары – Нұр-Сұлтан мен Ереванның айырмашылығы қандай? Қазақстанның бас қаласы әлі жас. Елордамыздың одан әрі дамуында нені ескеру керек деп ойлайсыз?

– Елдеріміздің астаналарын салыстыру дұрыс емес. Өйткені Нұр-Сұлтан небәрі 24-те, ал Ереванның тарихы 2000 жылдан асады. Алайда мені елордадағы құрылыстың қарқыны таңғалдырады. Ереванда мұндай ауқымды құрылыс жоқ. Нұр-Сұлтанның сол жағалауы шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынуда және қала өте тез өсуде, ал Ереванда құрылыс жұмыстары өте баяу жүреді. Себебі құрылысқа әйгілі армян тасы – қызғылт туф қолданылады, оны қолдану – өте ауыр және ұзақ процесс. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан – жазық далада салынған қала, ал Ереванды төрт жағынан тау қоршап тұр. Бұл да құрылыс жұмысына әсер етеді.

Нұр-Сұлтанды одан әрі дамытуда ең бірінші инфрақұрылымды ескеріп, қаланы көгалдандыруды жүзеге асыру, қала экологиясын мұқият бақылау қажет.

– Ал Нұр-Сұлтандағы сүйікті демалыс орныңыз қай жер?

– Бос уақытымда қаланың орталық саябағында демалғанды, әсіресе Есіл өзенінің әдемі жағалауымен серуендегенді ұнатамын.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында елорда тұрғындарына не тілейсіз?

– Ең бастысы, достас Қазақ­стан халқына елдің әл-ауқатының өсіп, тұрғындардың татулық пен келісімде өмір сүруін тілеймін!

– Артур мырза, әңгімеңізге рақмет, екі елдің алтын көпіріндей қызметіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Көктем Қарқын