00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Назарбаев "Үлкен Еуразия" экономикалық форумын құруды ұсынды

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Назарбаев "Үлкен Еуразия" экономикалық форумын құруды ұсынды
ашық дереккөз

ҚР Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі, сессия модераторы Ержан Қазыхан ҚР Тұңғыш Президентінің елдің қалыптасуы мен халықаралық аренадағы беделін арттырудағы айрықша рөлін атап өтті:

"Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығының арқасында Қазақстан Еуразияның ең қарқынды дамып келе жатқан елдерінің біріне айналды. Президент Назарбаев еліміздің әлемдік аренадағы жауапты әрі сенімді серіктес ретіндегі рөлін арттыру, ұлттық экономиканы адами капитал негізінде жаңғырту және 2050 жылға қарай ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жөнінде нақты мақсаттар қою үшін бар күшін салды. Мұны біз Назарбаевтың стратегиясы деп атаймыз".

Талқылауға сондай-ақ Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы, "FIRST" баспасының негізін қалаушы Руперт Гудман, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі (2006-2010) Владимир Норов, "Постиндустриалды қоғамды зерттеу орталығының" директоры Владислав Иноземцев, Атлан кеңесінің аға ғылыми қызметкері, Энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының (ITIC) директоры Ариэль Коэн қатысты.

Сарапшылар Ядросыз әлем қалыптастырудағы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ерекше рөлін атап өтті. Олардың пікірінше, Қазақстанның тәжірибесі геосаяси ахуалдың шиеленіскен жағдайында бұрынғыдан да өзекті.

"Назарбаев ядролық қарудың әлемдегі төртінші, ең ірі арсеналынан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл Қазақстан мен Орталық Азияға ядролық қарудан азат аймақ болуға мүмкіндік берді. Ол ядролық қарусыз әлемге бірінші болып ұмтылды. Қазір Қазақстан аймақтағы тұрақтылықты сақтауда негізгі халықаралық рөл атқарып отыр», - деді Руперт Гудман.

Үшінші күн бағдарламасын Ядролық қауіпсіздік үшін Көшбасшылар жаһандық Альянсының "Түн ортасы аяқ басты: ядролық диалог бойынша әрекет уақыты" отырысы жалғастырды.

Сессияның модераторы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Қайрат Әбусейітов болды.

Отырыс барысында спикерлер әлемде ядролық державалар арасындағы шиеленіс артып келе жатқанын атап өтті. Ынтымақтастықтың орнына көптеген елдер мәселелерді біржақты шешуді жөн көреді.

«Астана клубы» отырысы аралас форматта өткізілді: спикерлер офлайн және онлайн қатысты.

Кейбір отырыстар "Chatham house" ережелеріне сәйкес, яғни жабық форматта өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, «Астана клубы» беделді саясаткерлер, дипломаттар және дүниежүзілік деңгейдегі сарапшылар бас қосқан алаң ретінде халықаралық аренада бірегей орынға ие болып отырғанын атап өтті. Елбасы Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан даму жолында қол жеткізген негізгі жетістіктерге тоқталды.

“Менің ойымша Еуразия экономикалық одағы, Еуропалық Одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және жақында ғана құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы тікелей байланысты дамытатын кез келді. Сондықтан біздің елдеріміз Еуразиядағы кооперацияның барлық мүмкіндіктерін талқылап, дамыта алатын «Үлкен Еуразия» төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ауғанстандағы күрделі ахуалды тұрақтандыру және ядролық қаруды таратпаудың нақты жұмыс тетігін әзірлеу үшін халықаралық деңгейде күш-жігер жұмылдыруға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Жаһандық көшбасшылар альянсы Стратегиялық шабуыл қаруларын жаппай қысқарту жоспарын талқылау және құру жолындағы негізгі алаңға әрі қозғаушы күшке айнала алатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Елбасы Қазақстан астанасында Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаһандық форум өткізуді ұсынды.