00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Зухра Саяпова: Татар-башқұрт орталығы мәдени мұраны сақтауда белсенді жұмыс жүргізіп келеді

Зухра Саяпова: Татар-башқұрт орталығы мәдени мұраны сақтауда белсенді жұмыс жүргізіп келеді
Фото: Зухра Саяпованың жеке мұрағатынан

Биыл барлық этномәдени орталықтарды бір ұйымға біріктірген Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан өзге этнос өкілдері ішінде татар мен башқұрт диаспорасының да алатын орны ерекше. Оған былтыр 30 жылдығын атап өткен Астана қаласындағы «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы дәлел бола алады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда екі жүз мыңға жуық татар және 19 мың башқұрт ұлтының өкілі тұрады. Ал елордада 10 мыңға жуық татар және 1200 башқұрт бар.

«Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының басқарма мүшесі Зухра Саяпованың айтуынша, қоғамдық бірлестік 1994 жылдың тамыз айында ресми түрде тіркеуден өткен.

«Біздің мәдени орталықтың тарихы сонау 1994 жылдан басталады. Сол кезеңде ресми тіркеуден өтіп, 2000 жылы көктемде қайта тіркелдік.  2011 жылдың наурызында бірлестік атауы Астана қаласының «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы болып өзгертілді. Біздің орталықтың мақсаты - Қазақстан Республикасындағы татар, башқұрт, қазақ және өзге халықтың мәдени және рухани жетістіктерін сақтау, мәдени-ағартушылық, қоғамдық, ғылыми және экономикалық қызметті іске асыру», - дейді Зухра Саяпова.

Татар-башқұрт орталығында мәдени мұраны сақтау бойынша белсенді қызметті «Дуслык» халықтық ансамблі, «Ялкын» жастар ансамблі, «Йолдызлар» балалар вокалдық ансамблі жүргізеді.

«Бұл ұжымдардың репертуарында татар, башқұрт, қазақ және орыс тілдеріндегі ең үздік халық әндері бар. Бірнеше рет қалалық, республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдарда жеңіске жетіп, лауреат атанды. Сонымен қатар біздің орталықта «Ак калфак» әйелдер клубы жұмыс істейді.  Онда әйелдер мен отбасы және балалардың өмірін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Клуб мүшелері татар және башқұрт халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту және сақтау, ана тіліне құрметпен қарау, халық фольклорын, қолөнерді дамыту, ұлттық тағамдар дайындау шараларына қатысады. Осылайша орталықта мәдени мұраны сақтау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді», - дейді  «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының басқарма мүшесі.

Орталықтың Жастар қанаты татар жастарын біріктіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Олар «Татар кызы» байқауын, спорттық іс-шаралар, қайырымдылық акцияларын, практикалық семинарлар мен форумдар ұйымдастырып отырады.

Зухра Саяпованың сөзінше, «Таң» этномәдени орталығы қызметінің маңызды бағыты - қайырымдылық. Жыл сайын орталық Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мерекелік түскі ас ұйымдастырады. Сондай-ақ Рамазан айында ауызашар береді. Елордалық ҚХА өткізетін қайырымдылық акцияларына да қатысады.

«Кез келген этномәдени бірлестіктің негізгі миссиясы - ана тілін жаңғырту және сақтау. Осыған байланысты 1997 жылы орталықта жексенбілік мектеп ашылды. Онда ұстаздар өскелең ұрпаққа татар мен башқұрт халқының ана тілін оқытып, екі ұлттың салт-дәстүрі жайлы дәріс өткізеді. Жастарға қолөнер бұйымдарын жасау, көркемөнер және қолданбалы өнер бойынша да курстар бар. Сонымен қатар мемлекеттік тілді насихаттауға көп көңіл бөлінеді. Біз елордалық Достық үйінде мемлекеттік тіл сабақтарына тегін қатыса аламыз», - деп түсіндірді Зухра Саяпова.

Орталық жыл сайын елордада «Сабантой» мейрамын ұйымдастырады. Былтыр мейрам татар-башқұрт орталығының 30 жылдығына арналып, оған 3 мың адам жиналды. Мерейтойға орай бірлестік белсенділеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ауқымды мерекеге Татарстан Республикасы Раисы Рустам Минниханов арнайы құттықтау хатын жолдады.

«Былтыр «Сабантой» мейрамында татарлар мен башқұрттардың халықтық-қолданбалы шығармашылығы, мәдениеті мен тұрмысы, ұлттық нан пісіру көрмесі ұйымдастырылды. Мәдени орталықтың шығармашылық ұжымдары   ауқымды концерттік бағдарлама дайындады. Дәстүр бойынша халықтық ойындар өткізілді. Алғаш рет «Сабантой аруы» байқауы ұйымдастырылды. Онда 20-дан астам қатысушы өздері туралы ана тілінде қысқаша айтып, татар биін көрсетті», - дейді «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының басқарма мүшесі.

Татар және башқұрт халқының ұлттық тағамдары алуан түрлі. Зухра Саяпованың айтуынша, барлық тағамдардың ішінде сорпа басымдыққа ие.

«Татар және башқұрт халқы шурпа мен тукмачты жиі дайындайды. Сонымен қатар ұннан жасалатын тағамдарды жиі жасайды. Оның ішінде ең танымалы – кыстыбай. Ол үшін қамыр дайындап, ішіне картоп салады. Оны қызартып пісіріп, сарымаймен дастарқанға ұсынады. Татарлар әдетте шай ішу үшін катлама, кош теле, чак-чак сияқты тәттілерді әзірлейді. Чак-чакты үйлену тойы кезінде міндетті түрде пісіреді. Дүниеге сәби келгенде балдан жасалған бал-май мен шәрбат жасайды. Бүгінде ұлттық тағамдар мен халықтың қонақжайлылық мәдениеті сақталып келеді», - дейді ол.

«Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының басқарма мүшесі Зухра Саяпова барлық этномәдени бірлестіктердің мақсаты бір екенін айтады.

«Барлық этномәдени бірлестіктердің басты мақсаты - халық бірлігін нығайту, негізгі құндылықтар бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту, өзінің этникалық ерекшелігін, тарихын, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтау және дамыту деп есептеймін. Қазақстан халқының бірлігін нығайту, өзге ұлттарды қазақ мәдениетіне баулу, мемлекеттік тілді меңгеру маңызды деп санаймын», - дейді Зухра Саяпова.