Құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз – Президент

Бүгін, 12:55
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз – Президент
Фото: akorda.kz

Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Енді екі аптадан кейін әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Біз бұл мерейтойды кең көлемде атап өтеміз. Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері – барша халқымыз Отан үшін отқа түсті.Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр.Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам.Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз.Мен Жеңістің 80 жылдығына дайындық туралы осыдан бір жарым жыл бұрын алдын ала айттым. Соған сәйкес біз «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспарын арнайы қабылдап, жүзеге асыра бастадық. Осы ауқымды жұмыстың аясында екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ең бастысы, әрине, мемлекет пен қоғамның ерекше қорғауында болатын құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз. Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өтуге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады. Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады», - деді Президент.