ҚХА-ның өңірлердегі жұмысы күшейтіледі – Максим Споткай

ҚХА-ның өңірлердегі жұмысы күшейтіледі – Максим Споткай
Фото: Максим Споткайдың жеке парақшасынан

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі Максим Споткай  Астанада өткен ҚХА-ның XXXIV сессиясында мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселеге тоқталғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Соңғы жылдары әлем сенім дағдарысының ең күрделі кезеңін бастан өткеруде. Соның аясында экстремистік идеологиялар мен популизм қайта күшейіп, геосаяси шиеленіс пен радикалды риторика артып келеді. Халықаралық құқықтың мәні төмендеп, жаһандық институттардың іргетасы шайқалуда. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан өзара мүдделерді құрметтеуге негізделген диалог пен сындарлы әріптестік идеяларын халықаралық аренада табанды әрі сенімді түрде ілгерілетіп келеді. Геосаяси жағдайдың шиеленіскеніне қарамастан және «орта держава» ретіндегі жаһандық жауапкершілігін толық сезіне отырып, еліміз бұл саясатты барлық деңгейде жүйелі түрде жүргізуде», - деді ҚХА мүшесі.

Ол Қазақстан түрлі қақтығыс тараптары арасында тікелей келіссөздер өткізу үшін өзінің аумағын ұсыну арқылы халықаралық медиатор рөлін атқарып отырғандығын айтты.

«Парламенттік дипломатия мен өзге де тетіктерді белсенді түрде пайдалана отырып, шиеленісті төмендетуге және халықаралық қатынастарда оң әрі жасампаз күн тәртібін ілгерілетуге үлес қосуда. Мемлекеттер, өңірлер мен өркениеттер арасында «достық көпірлерін» салудағы тағы бір маңызды құрал - рухани дипломатия. Қазақстан 20 жылдан астам уақыт бойы Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін табысты өткізіп келеді. Бұл жылдар ішінде съезд жай ғана диалог алаңынан жоғары деңгейдегі дінаралық өзара іс-қимыл институтына айналды. Бүгінде осы алаңда әлемнің рухани жетекшілері өзекті жаһандық мәселелерді талқылап қана қоймай, оларды шешуге нақты ұсыныстар ұсынып, халықаралық ахуалды жақсартуға бірлесе атсалысып жатыр», - деді спикер.

Максим Споткай еліміздің сыртқы саясаты ішкі саясаттағы ұстанымдарымыздың көрінісі екенін жеткізді.  Ол бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы — соның айқын дәлелі екенін айтады.

«ҚХА-ға қатысты түрлі пікір айтылып жатады. Алайда бір жайтты нақты мойындауымыз керек – Ассамблея құрамына енген қоғамдық келісім моделі толығымен жүзеге асты. Біз елімізде қантөгіске ұласқан қақтығыстарға, сепаратизмге, тілдік немесе діни негіздегі құқықтардың шектелуіне жол берген жоқпыз. Керісінше, қазіргі кезеңде Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы мен ауқымды реформаларды іске асыруға берік негіз болып отырған жалпыұлттық бірліктің тиімді моделі қалыптасты», - деді ол.

Сөз соңында спикер сессияда Президент Қазақстан халқы Ассамблеясын одан әрі жаңғыртуға қатысты нақты тапсырмалар бергенін айтты.

«Сессия барысында Ассамблеяны одан әрі жаңғыртуға қатысты нақты тапсырмалар да берілді. Алдағы кезеңде ҚХА-ның өңірлердегі жұмысы, ақпараттық кеңістіктегі белсенділігі күшейтіледі. Сонымен қатар «алуан түрліліктегі бірлік» қағидатын іске асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуеті толыққанды пайдаланылады. Осы және басқа да шаралар еліміздің тұтастығы мен халықтың бірлігін одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін. Осылайша, ҚХА-ның 30 жылдығы — бұл өткен жолымызға баға беріп, жаңа кезеңде елдік мақсаттар төңірегінде топтасуға берілген нақты мүмкіндік екенін іс жүзінде дәлелдейміз», - деп сөзін түйіндеді ҚХА мүшесі Максим Споткай.