Жетісу облысында шетелдік азаматқа заңсыз шот ашқан банкке 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Жетісу облысында шетелдік азаматқа заңсыз шот ашқан банкке 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды
Pixabay.com

Жетісу облысында шетелдік азаматқа заңсыз шот ашқан банкке 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Есепшот интернет-алаяқтар ұрлаған қаражатты аудару үшін пайдаланылған. Қазір банк қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жетісу облысында интернет-алаяқтықпен күрес аясында анықталған заңбұзушылықтар негізінде бір банкке айыппұл салынып, қызметкерлері тергеуге алынды.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, резидент емес азаматтарға (яғни шетел азаматтарына) қашықтан шот ашуға және банк картасын беруге тыйым салынған. Алайда банк қызметкері бұл талапты елемей, шетелдікке оның қатысуынсыз есепшот ашқан.

Тергеу барысында анықталғандай, ашылған есепшот кейін интернет-алаяқтардың қолына өтіп, азаматтардан ұрланған қаражатты аудару үшін қолданылған.

Осыған байланысты банкке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 214-бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғалып, 1 000 000 теңгеден астам айыппұл салынды. Сот шешімімен айыппұл толық төленді.

Банк қызметкерлерінің әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы – «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша бағаланып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі таңда тергеу органдары қызметтік салғырттықтың себептері мен салдарын анықтап жатыр.