«Жүргізуші куәлігінің санатын жоғарылатамын»: Астаналықты алдаған алаяқ ұсталды
Астана тұрғыны алаяқтық іс-әрекеттердің құрбаны болғанын айтып, арызбен полицияға жүгінген, деп хабарлады Elorda.info.
Жәбірленушінің айтуынша, ол ескі танысын кезіктіріп, ер адам «С», «Е» санаты бойынша жүргізуші куәлігін алу үшін көмегін ұсынған. Өзінің таныстары барын айтып, қысқа мерзімде құжатты алып беремін деп уәде берген күдікті танысынан 300 мың теңге алған.
Қолма-қол ақша алғаннан кейін ол телефон қоңырауларына жауап беруді тоқтатқан. Нұра ауданы ПБ полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы қала тұрғынын анықтады, - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.