Зерттеуші Абылайхан Қалназаров: Қажымұқан тасының салмағы – шамамен 480 келі

Жақында «Қазақ күшінің картасы» жобасы аясында алғашқы ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды. Оны Qazaq kuresi ассоциациясының қолдауымен «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы өткізді. «Балуан тас сапары» деп аталған іс-шарада қазақтың палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы ғұмырнамасына тиесілі тарихи тас көпшілікке таныстырылды. Қажымұқан тасы жайлы «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, Ұлы даланың күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров толығырақ айтты.
Жазба деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың 20-жылдары Баянауылда Қазақ автономиясының бір жылдығына арналған үлкен мереке ұйымдастырылған. Бұл тарихи іс-шараны көрнекті қайраткер Қаныш Сәтбаевтың өзі қолға алған екен. Тойға құрметті қонақ ретінде даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы арнайы шақырылады.
Палуанды күтіп алып, барлық жағдайын жасауды жергілікті темір ұстасы Қуанышбайдың Сүбегі (кейбір деректерде – Субек Қуанышбекұлы) мойнына алады. Ол алыптың өнер көрсететін сәттеріне арнап қажетті темір құралдарын да алдын ала әзірлеп отырған. Халық алдында өнер көрсеткенде Қажымұқан кеудесіне көлденең қойылған алып тасты да осы Сүбекке ауыр балғамен ұрғызып сындыртқан деседі. Бұл көріністі өз көзімен тамашалаған әулие Мәшһүр-Жүсіп Көпей шығармасына арқау етіп, кейін «Қажымұқан» атты поэмасында жырлаған.
Сапар барысында Қажымұқан өңірдегі Ақкелін, Далба болыстарын аралайды. Халыққа өнерін көрсетіп, бірде бірнеше жігітті бөрененің үстіне отырғызып көтерсе, енді бірде асау жылқыны тұсаусыз тыпыр еткізбей иығына салып алыпты. Қасында әрдайым Сүбек жүріп, қажет құрал-саймандарын тасып, қолғабыс еткен.
Палуанның ғаламат күші мен өнеріне әбден тәнті болған ел азаматтары оған екі үйір – отыз жылқы сыйға тартады. Ал Қажымұқан болса, қонақ болған Сүбек ұстаның шаңырағына түсіп, сапар соңында досына:
– Олжамның жартысын ал, оны қаламасаң өнеріммен жинаған мына сөлкебайларымнан (медаль) таңдағаныңды берейін", – дейді.
Алайда ұста:
– Қажеке, мал соқса – желдікі, айдаса –жаудікі. Қазақтан сіздей ұл бұдан кейін туар, тумас. Анау таудан көтеріп бір үлкен тас әкеліп, осында орнатып кетіңіз, қайратыңыздың куәсі болсын, достығымыздың мұраты болсын, – деп өтініш білдіреді.
Тағы бір ауызекі нұсқада, Сүбек ұста Қажымұқанның «Менен не қалайсың?» деген сұрағына:
– Дүкенімнің жанына әкеліп тастаңыз, үрім-бұтағыма «Қажымұқан әкеліп қойған тас» деп айтып жүрейін, бар қалауым – осы, – деп жауап берген екен.
Қалай дегенде де, қай нұсқасын алсақ та, Қажымұқан досының тілегін жерге тастамай, алып тасты таудан көтеріп әкеліп, үйінің іргесіне орнатып кеткен. Содан бері бұл зілбатпан «Қажымұқан тасы» деген атпен ел жадында сақталған.
Әрине, ол заманда тастың нақты салмағы өлшенбеген. Кейінгі зерттеулерде оның салмағы шамамен 480 келі екені анықталған.
Бұл тас қазір Кереку өңірі Баянауыл ауданы орталығындағы Қаныш Сәтбаев мұражайының алдында тұр. Сонымен қатар Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірландағы Қ.Мұңайтпасов атындағы музейде де осы оқиғамен байланыстырылатын бір тас бар.
Ұстаның өзіне қатысты айтар болсақ, Сүбектің өзі де өңірге кеңінен танымал жан болған. Төкен Оразовтың «Қаныштың жастық шағы» естелігінде ол туралы кеңінен айтылған. Онда оның 1919 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен бұл аймақта алғаш ашылған мектептің барлық парта, үстел, орындықтарын жасап бергені жайлы деректер бар.
Айта кетейік, халық арасында Қажымұқан сынды даңқты палуандар қайратының дәлелі мен ескерткіш ретінде қалдырған мұндай тастар жалпылама «Балуан тас» деп аталады.