Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткен турист көз жұмды

1 қыркүйек күні Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментіне Шымкент қаласынан екі жас жігіттің жоғалғаны туралы хабарлама түскен. 1996 және 1997 жылдары туған азаматтар 31 тамызда Шымкенттен тауға шығып, қайтып оралмаған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Хабарлама түскеннен кейін іздеу-құтқару жұмыстары дереу басталды. Іздеу жұмыстары Сайрамсу шыңы маңындағы «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында, теңіз деңгейінен шамамен 2200 метр биіктікте жүргізілді. Бұл аймақ Қасқасу ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан.
«Іздеу-құтқару операциясы қиын және қауіпті таулы жерлерде жүргізілді. Операция барысында «Ізгі ниет» асуында құтқарушылар жоғалған туристердің бірімен байланысқа шықты. Оның айтуынша, екінші турист, 1996 жылы туған Өзбекстан азаматы, жардан құлап, алған жарақаттарынан қайтыс болған»,- делінген ТЖМ хабарламасында.
Жер бедерінің күрделілігі мен жартасты аймақтың болуына байланысты тікұшақ оқиға орнына жақындай алмаған, сондықтан құтқарушылар жаяу іздеген.
Шымкенттегі құтқарушылар базасынан Қазақстан альпинизм федерациясының бес кәсіби альпинисі тартылды. Олар құтқарушылармен бірге іздеу жұмыстарын жалғастырып, арнайы жабдықтарды пайдаланып, тірі қалған туристі және қайтыс болған азаматтың денесін тауып, төмен түсірді.
«Құтқарылған туристі таудың етегіне дейін атпен жеткізіп, туыстарына тапсырды. Қайтыс болған азаматтың денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Іздеу-құтқару операциясына Төтенше жағдайлар министрлігінің 18 қызметкері, 5 техника бірлігі, орман шаруашылығы қызметкерлері, полиция бөлімшелері, альпинистер, «Қазавиаспас» тікұшағы және дрондар жұмылдырылды»,- делінген хабарламада.



