Шымкентте халық емшісі науқасты балғамен ұрып емдеген


Шымкент қаласының тұрғыны омыртқасы сыр беріп, әлеуметтік желіден тапқан емшінің көмегіне жүгінген. Алайда, емнің орнына, жұлыны зақымданып, омыртқасын сындырып алған, деп хабарлады Elordainfo.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қала тұрғыны алдымен дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ақ халаттылар омыртқа жотасына шұғыл түрде ота жасау керектігін жеткізген. Бірақ, науқас өз бетімен емделуді жөн санап, әлеуметтік желіден тапқан емшіге жүгінген.
«Науқастың сөзіне қарағанда, кереуетке жатқызып қойып, балғамен ұрған. Салдарынан, екі аяғында жансыздану болған. Сөйтіп, ертесіне қайта келуді сұраған. Бірақ, сол күні кешкісін бізде жедел жәрдеммен жеткізілді. Тез арада тексеру жүргіздік. Омыртқасын сындырып жіберген. Жұлынға да зақым келген. Науқас бізде бірнеше уақыт жатып, толықтай емделіп шықты. Екі аяғына жан бітті. Үйіне шығарылды»,- дейді №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы.
«Түрлі остехондрозда, түрлі бел омыртқасы, мойын омыртқасы жарықтарында ешқандай дипломы жоқ мамандар түрлі әдістерді қолданып жатады. Үстінен секіріп жатады. Мойнын қытырлатып жатады. Бұл өте қауіпті жағдай. Ол үшін рентген, МРТ жасау керек. Кез келген ауруды остехондроз екен деп, тоқпақтай беруге болмайды»,- дейді дәрігер.