Шымкент әкімінің орынбасарына оқ атылды: полиция түсініктеме берді


Бұл туралы блогер Бейбіт Әлібеков Telegram-арнасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Достар, әріптестер. Руслан Берденов тірі, ота жасалып жатыр. Оған үш рет оқ атылып, екі оқ ішке енген, өмірлік маңызды ағзалары зақымданбаған», - деп жазды Бейбіт Әлібеков
Шымкент қалалық полиция департаменті әкімдік ғимараты маңында Руслан Берденовке оқ атылғаннан кейін ресми пікір білдірді.
«21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс оқиғасы орын алды. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады», - деп жазылған ПД хабарламасында.
Полиция тарапы тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.



