Шерзат ісі: Нұрқанат Ғайыпбаевтың оқиға күні қандай жарақат алғаны белгілі болды

28 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Шерзат ісі: Нұрқанат Ғайыпбаевтың оқиға күні қандай жарақат алғаны белгілі болды
фото: видеодан алынған кадр

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сот отырысында Алматы облысы бойынша Сот сараптамалары институтының сот-медицина сарапшысы Өмірбек Жолымбетовтен жауап алынды. Ол жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаевқа сот-медициналық сараптама жүргізген.

«Сот-медициналық куәландыру 2024 жылдың 9 қазан күні өткізілді. Тексеру барысында Н.Ғайыпбаевтан сол жақ көзінің қабағының астында мөлшері 3,0 және 1,5 см болатын көгерген түсті қанталау болды. Оң жақ құлақ қалқанында дәл осындай сипаттағы қанталау болды. Шүйде бөлігінде жұмсақ тіндерінің ісініп, қабынып тұруы болды. Бел тұсында сызықты формалы терісі сыдырылған жара болды. Оң жақ жамбасы тұсында қиғаш тік жара болған, оның жиектері тегіс, ұштары доғал келген. Мөлшері – 1,2 және 0,1 см», - деді Өмірбек Жолымбетов.

Сарапшының сөзінше, Нұрқанат  Ғайыпбаевқа клиникалық диагноз қойылған.

«Н.Ғайыпбаевтың атына берілген медициналық құжаттардың деректері бойынша клиникалық диагноз қойылды. Ол жабық ми жарақаты, бас мидың шайқалуы, басты желке бөлігінің қанталауы, кеуде мүшелерінің жабық жарақаты, оң жақтағы бөкседегі бірнеше сұғылған-кесілген жара, бет, маңдай, шынтақ, тізенің көгеруі түріндегі дене жарақаттары анықталды», - деді ол.