Семейде оқушыны аяусыз ұрып-соққандардың ата-анасы жазаға тартылды


Абай облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Семейде оқушыға күш қолданған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты әкімшілік істерді қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сот ата-аналардың балаларының тәрбиесіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлмегенін анықтап, оларды ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартты.
Сот шешімі бойынша:
- Бір ата-ана 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды;
- Қалған жасөспірімдердің ата-аналарына 78 640 теңгеден айыппұл салынды.
Айта кетейік, жақында қазақстандықтар әлімжеттік көрген оқушыға пәтер сыйлаған болатын.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде бір топ жасөспірім мектеп оқушысын соққыға жыққан видео жаппай тараған еді. Жәбірленушінің 6-сынып оқушысы екені анықталды.
Бұзақылар оқушының басынан, кеуде тұсынан тоқтаусыз тепкілеген. Тәртіп бұзған балалардың ата-аналары полицияға жеткізілген болатын. Жасөспірімдер арнайы есепке қойылып, олардың тәртібін кәмелетке толмағандар құқығын қорғау жөніндегі комиссия қарайтын болды.



