Немересі әжесінің атынан 2 млн теңге несие рәсімдеген
Ақмола облысы Атбасар аудандық полиция бөліміне әйел адамнан оған 2 млн теңгеден астам сомаға онлайн несие ресімделгені туралы өтініш түскен, деп хабарлады Elorda.info.
Жәбірленушіге өтелмеген қарызы жайлы хабарлама келген, содан кейін ол бірден банкке барған. Мамандар ақпаратты растап, несие сомасы 2 млн 118 мың теңгені құрайтынын айтқан. Азаматша барлық жағдайларды анықтау үшін полицияға арыз қалдырған.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында онлайн-несие жәбірленушінің телефонынан ресімделгені анықталды. Бала кезінен тәрбиелеген немересі жәбірленушінің телефонынан несие алған.
Сол күні дәл осындай факт аталған ауданда тіркелген. 38 жастағы ер адам өгей шешесінің атынан 36 мың теңге несие ресімдеген. 65 жастағы өгей шешесі мерзімі өткен қарыз туралы микронесиелік ұйымнан бірақ білген, - делінген Polisia.kz сайтындағы ақпаратта.
Екі фактіге қатысты Атбасар аудандық полиция бөлімінің құқық қорғау органдары ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады. Полицейлер зардап шеккендердің туыстарының қатысуын тексеріп жатыр.