Маңғыстауда Бекет атаға бара жатқан 10 адам жол апатынан қаза тапты

Маңғыстау облысында жантүршігерлік жол апатынан 10 адам көз жұмды. Оқиға 11 қыркүйек күні Қарақия ауданы Сенек елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта болған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апатының салдарынан 8 адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екі адам ауруханаға жеткізу барысында жан тапсырған. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
«Алдын ала мәлімет бойынша «Toyota Hiace» маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, салдарынан көлік жол шетіне аударылып кеткен. Көліктің ішінде жолаушылар болған», - деп жазылған хабарламада.
Анықталғандай, жолаушылар қасиетті Бекет-Атаға қажылық сапарға шыққан. Барлығы Қазақстан азаматтары, әртүрлі өңірлерден келген.
Бүгінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.



