Ұландықтар түзеу мекемесіне өткізбек болған есірткіні тәркіледі


Тараз қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің сарбаздары түрмеге есірткі өткізу әрекетіне тосқауыл болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқиға №59 түзеу мекемесінің бақылау-өткізу пунктінде болған.
Келушілерді тексеру кезінде аға нұсқаушы – ефрейтор Нұрбақыт Есенгелдиевтің қарауындағы «Зара» атты қызметтік ит күдікті иісті сезеді. Төрт аяқты сақшы ішінде есірткі оралған бумалары бар кроссовканы нұсқап, нақты белгі береді.
Әскери қызметшілер орын алған жағдай туралы кезекші бөлімге жедел баяндайды. Оқиға орнына жедел тергеу тобы шақырылды. Ұландық жауынгерлердің кәсібилігінің арқасында тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті тоқтатылды.
Күдікті ұсталып, мән-жайды одан әрі анықтау үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне берілді. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тексеру жүргізілуде.



