Кәсіпкерді алдап, қашып кеткен күдікті Бішкектен экстрадицияланды

Алматы облысындағы ең ірі азық-түлік базарында сауда бутиктерін сатамын деп 11 кәсіпкерді алдап, қаражатын иемденді деген күдікпен іздеуде жүрген адам Бішкектен экстрадицияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, кәсіпкерлерді сан соқтыды деген күдікті Бішкекте ұсталды.
«Тергеу барысында 2019–2022 жылдар аралығында оның өзге адамдармен бірге алдын ала сөз байласу арқылы өңірдегі ең ірі азық-түлік базарларының бірінде сауда бутиктерін сату сылтауымен азаматтарды жүйелі түрде алдап келгені анықталды. Алаяқтық әрекеттерінің нәтижесінде ол 11 кәсіпкердің жалпы 126 млн теңге көлеміндегі қаражатын иемденген», - дейді прокуратура өкілдері.
Күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген, оған халықаралық іздеу жарияланған.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми сұрауы негізінде ол қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін белгіленген тәртіппен еліне экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Кінәсі дәлелденсе, күдіктіге мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.



