«Бөкейорда» табиғи резерватының бас директоры ұсталды


Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты РММ бас директоры жемқорлықпен күдікке ілінді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол резерватта шын мәнінде еңбек қызметін атқармаған тұлғаға жалақыны заңсыз есептеу арқылы ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.
«Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен «Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты» РММ-нің бас директорына қатысты қылмыстық іс тергелуде», - делінген антикор хабарламасында.
Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта оның басқа қылмыстарға қатысы тексерілуде. Тергеу жалғасуда.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.



