Автосалоннан ақауы бар көлік алған шымкенттік тұтынушының құқығы қорғалды


Шымкентте тұтынушының жаңа көліктегі ақауға байланысты туындаған дауына нүкте қойылды. Бұл жағдай көлік сатып алған тұтынушының табандылығы мен тиісті мемлекеттік органның араласуының нәтижесінде әділ шешімін тапты, деп хабарлады Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
2025 жылдың мамыр айында Түркістан облысының тұрғыны Шымкент қаласындағы автосалоннан кепілдігімен жаңа қытайлық көлік сатып алады. Алайда автокөлік тізгінделген алғашқы күндерден бастап, трансмиссия мен басқару электроникасы жүйесінде ақаулықтар пайда бола бастайды. Көлік бірнеше мәрте сервистік қызметке тапсырылса да, мәселе толық шешілмей, қайталанып отырған.
Автосалонға ресми шағым жіберіп, көлікті жаңасына ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды талап еткен тұтынушы нақты жауап ала алмаған соң, Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінеді.
«Департамент қызметкерлері ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы аясында тиісті шаралар қабылдап, жағдайды жан-жақты зерделейді. Қорытындысында тұтынушының талабы қанағаттандырылып, оның құқығы толықтай қорғалады», - делінген хабарламада.
Бұл оқиға — құқықтық тетіктерді дұрыс қолдана білудің және уақтылы арызданудың тиімді үлгісі. Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарды қандай да бір тауар немесе қызмет сапасына күмән туындаған жағдайда, заңмен белгіленген тәртіппен жүгінуге шақырады.



