Астанада суицид жасамақ болған қыз SOS батырмасы арқылы құтқарылды
Жедел басқару орталығына SOS түймесі арқылы елорда тұрғынынан Атырау көпірінде бір қыздың қауіпті жерге отырып, секірмек болып жатқаны туралы қоңырау келіп түскен, деп хабарлады Elorda.info.
Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жеткен.
Келген бойда тәртіп сақшылары көпірдің қоршауы мен оның сыртқы жағының арасында отырған қызды тауып, ол қауіпсіз жерге шығарылды. Полицейлер 21 жастағы қыздың мас күйінде болғанын анықтады.
Өз-өзіне қол жұмсау фактісі расталмады. Оған психологиялық көмек көрсетілді, - делінген хабарламада.
Еске салайық, «SOS Panic Button» жобасы елордада 2021 жылдың қазан айында жаңа цифрлық технологияларды енгізудің «Естігіш мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында іске қосылған болатын. Қаланың қозғалыссыз аймақтарында «онлайн» режимінде тікелей басу арқылы Жедел басқару орталығының қызметкерімен байланысуға мүмкіндік беретін 15 арнайы модуль орнатылған. Елордалық полицейлердің қызметіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін тиімді әрі жедел шешуге мүмкіндік береді.
Полиция департаменті елорданың қамқор тұрғындарына белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдіреді.