Amanat Drive қаржы пирамидасы әшкереленді

3 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Amanat Drive қаржы пирамидасы әшкереленді
Фото: freepik

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті Amanat Drive аталатын қаржы пирамидасының қызметін әшкереледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қаржы пирамиданың ұйымдастырушылары азаматтарға пайызсыз бөліп төлеу арқылы жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуды ұсынған.

Алайда бұл міндеттемелер толық орындалмаған, ал мүлік туыстары мен жақындарына берілген.

Нәтижесінде қаржы пирамидасы 8 мыңнан астам салымшыны тартқан, олардың жалпы салған қаражаты 21 млрд теңгеден асқан.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында, қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы бірнеше деңгейлі заңсыз схема жасаған. Ол өз бақылауындағы заңды тұлғаларды пайдаланған.

Аталған компаниялар жалған жеткізушілер ретінде көрсетіліп, жарнама қызметтері, жылжымайтын мүлік пен көлік нарығына талдау мен болжау жүргізу секілді қызметтерді орындаған болып көрінген. Осы жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыртқа шығарылған.

Қылмыстық кірістер есебінен жеке тұрғын үйлер, Астанада пәтерлер, сондай-ақ HUMMER H2 және Lexus LX570 маркалы қымбат автокөліктер сатып алынған. Бұл мүліктер мүмкін болатын тәркілеуден жасырыну мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімделген.

Сот санкциясымен аталған мүлікке және тұтыну кооперативінің шоттарына тыйым салынды.

Қаржы пирамиданың бас ұйымдастырушысы қамауға алынды.

Тергеу амалдары жалғасуда.

ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.